14:29, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Қостанай облысының әкімі есеп беру кездесуін өткізді
ҚОСТАНАЙ. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Петр Плахотников/ – Бүгін Қостанай облысының әкімі Сергей Кулагин облыстың 2008 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша халық өкілдерімен есеп беру кездесуін өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кездесуге Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Жаңабай Бексары қатысты. Облыс басшысы жиналған қауымға облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көрсететін статистикалық мәліметтерді таныстырды және ағымдағы жылдың міндет-мақсаттарын айқындады. «Бүгін жаңаша, қатаң жағдайда жұмыс істеуге әзір болу керек. Біздің дағдарысқа қарсы бағдарламаларымызды тек орындап қана қоймау керек, сонымен бірге жедел түзетулер енгізу керек», - деді С.Кулагин өз сөзінде. Облыс әкімі барлық деңгейдегі бюджеттерді қайта қарап шығуды, екінші кезектегі шығыстарды (автокөліктер, кеңсе жиһаздарын сатып алу, басқа да осындай шығындарды) қысқарту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. «Мемлекеттік органдар үнемділік пен қарапайымдылықтың үлгісін көрсетулері керек. Бірақ та, барлық әлеуметтік бағдарламалардың сақталуын қамтамасыз ету қажет, базарларда алыпсатарлықтың өршуіне жол бермеу керек. Халықтың өз проблемасымен өзі қалып қоймайтынын адамдар сезінуі керек», - деп атап көрсетті С.Кулагин. Әкім сондай-ақ, теңге бағамының өзгеруіне байланысты, қала мен аудан әкімдеріне «баға саясатын барынша бақылауда ұстауды» тапсырды. Ол сонымен бірге, теңге девальвациясының оң әсеріне тоқталып, оның нәтижесінде экспорттық кәсіпорындардың қосымша табысқа және дамуда қолдауға ие болатынын айтып өтті.