Қостанай облысының әкімі Н. Сәдуақасов бюджетті оңтайлы жоспарлау жұмысына кірісті
ҚОСТАНАЙ. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімдігінде облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтың төрағалығымен кеңестер кезеңі басталды.
Онда 2013-2015 жылдарға арналған қалалар мен аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламалары қаралмақ.
Әкімнің баспасөз қызметінен хабарланғандай, әр өңір жеке-жеке есеп береді, қалалар мен аудандардың әкімдері қазіргі кездегі орын алған жағдай мен әлеуметтік-экономикалық дамудың жетістіктері, өңірлердің негізгі мәселелері мен олардың шешу жолдары туралы баяндайды. Осыдан кейін облыс әкімі орынбасарларының, облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен пікір алмасу жүргізіледі.
Қалалар мен аудандарда орын алған жағдайды қарастыру негізінің қорытындысы бойынша ақпараттар біріктірілетін болады. Облыс басшылығының пікірінше, осылайша бюджеттерді, қолда бар қаржы ресурстарын тиімді түрде пайдалану, мәселелерді шешудің тиімділігін арттыру жүйелі жоспарлауға көшіріледі.