Қостанайда 120 тұрғынға пәтер кілті табысталды
Бірінші нысан қаладағы 9-шағын ауданда орналасса, екіншісі - «Әуежай» ауданында. Бұл үйлер "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған. Пәтерге ие болғандар - «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары. Баспаналардың жартысы жергілікті атқарушы орган қызметкерлеріне тапсырылды. Қалған 50%-ы - әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрғандарға тиесілі.
Қуаныш иелерін құттықтауға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов келді.
«Елбасының тапсырмасымен елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Биыл біз бірқатар әлеуметтік нысындарды іске қостық. Мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған үйлерді тұрғындардың игілігіне беріп отырмыз. Көп кешікпей «Әуежай» шағын ауданында тағы да жаңа пәтерлер өз иелеріне табысталады», - деді облыс әкімі.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалының директоры Дәурен Саудабаевтың айтуынша, мұндағы бір бөлмелі пәтер 5,5 милиион теңгеге шығады.
«Банк салымшыларға 5%-бен заем берді. Сыйақы мөлшерлемесі Қазақстан ипотекалық компаниясы төлеген мемлекеттік субсидияның арқасында төмендетілді. Несие рәсімдеу үшін ТҮҚЖБ депозитінде үй құнының кем дегенде 30%-ы болуы қажет болды», - деді Дәурен Саудабаев.
Пәтер кілтіне ие болғандардың қатарында жалғызбасты ана Айнұр Таусоғарова да бар.
«Банкпен былтырдан бастап жұмыс істей бастадым. Мұның сыртында әкімдіктің кезегінде тұрған едім. Әрине, қуанышымда шек жоқ. Бастысы, өз үйім бар. Енді алдағы 10 жыл бойы ай сайын 37 мың теңгеден төлеп тұрамын. Бұл қазіргі жалдап тұрып жатқан пәтерімнен әлдеқайда аз», - деді ол.