13:23, 07 Мамыр 2010 | GMT +5
Қостанайда 15 ардагер коммуналдық пәтер кілттеріне ие болды
ҚОСТАНАЙ. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Петр Плахотников/ - Бүгін Қостанайда облыс әкімі Сергей Кулагин Ұлы Отан соғысының 15 ардагеріне коммуналдық пәтер кілттерін табыс етті. С.Кулагин атап көрсеткендей, «Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің пәтер кезегі бүгін жабылды».
Ардагерлер қоныс тепкен үйді қайта жаңартуға 64 миллион теңге жұмсалып отыр. Жаңа үйді пайдалануға беру рәсімінде «Нұр Отан» партиясының атынан барлық қоныс той иелеріне сыйлықтар - микротолқынды пештер тарту етілді.
Ардагерлердің атынан алғыс білдірген Хасан Түгелбаев ақсақал: «Біз мерекенің құрметіне Елбасы Жарлығы бойынша - 65 мың теңгеден, облыс бюджетінен -35 мың теңгеден сыйақылар алдық. Біз бейбіт өмір үшін күрестік және бүгінгі жас ұрпаққа денсаулық және болашаққа деген сенім тілейміз», деп атап көрсетті.