Қостанайда апелляциялық сот бұрынғы шенеунікке тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасын шартты жазаға алмастырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облыстық сотының апелляциялық сот алқасында «Жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарма» ММ-нің экс-басшысы 1984 жылы туған Т.Шөкеновке және 1958 жылы туған кәсіпкер. В. Чистыйға қатысты қылмыстық іс бойынша Қостанай қаласы №2 сотының үкімі қайта қаралды. Сот үкіміне қатысты прокуратура сотта ақталған Чистыйдың жағдайын ауырлату бойынша шағымданды, сондай-ақ Шөкенов пен оның қорғаушысы апелляциялық шағым түсірген.
Тергеу материалдары бойынша, Қостанай қаласында «Қостанай облысының жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқармасы» ММ басшысы қызметін атқарған Т.Шөкенов 2014 жылдың қыркүйегі мен желтоқсаны аралығында жеке кәсіпкер Чистыйдің көмегімен бюджет қаражатын жымқырған деп айыпталған болатын.
Қостанай қаласының №2 сотының үкімімен Шөкеновке ҚР ҚК-нің 307-бабының 2-бөлімі, 314-бабының 2-бөлімі, 176-бабының 3-бөлімі «г» тармағы бойынша (16.07.1997 жылғы редакцияда) айыпты деп танылып, жалпы тәртіптегі колонияда 5 жыл бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және 5 жылға мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Кәсіпкер В.Чистый қылмыстық әрекеттің болмауына орай сот үкімімен ақталған болатын.
Апелляциялық сот алқасында істі қарау бірнеше рет кейінге қалдырылды. Тараптар сот отырысына қаржылық бақылау және салық қызметі мамандарын шақыруға өтініш жасап, сот отырысы барысында барлық материалдар қайта зерделеніп, куәгерлер мен сарапшылардан айғақ алынған.
Апелляциялық сот алқасының қаулысымен Қостанай қаласы №2 сотының Тимур Шөкеновке қатысты сот үкімі өзгертіліп, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы ҚР ҚК-нің 63-бабын қолдану арқылы шартты түрде жазалауға алмастырылды. Сонымен қатар, мүлкін тәркілеу түріндегі қосымша жаза алынып тасталды.
Шукенов сот залында босатылды. В.Чистыйдың әрекетінде қылмыстық нышанның болмауына орай ақтау сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Сот қаулысы заңды күшіне енді, деп хабарлады Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.