Қостанайда «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасына қанша қаражат бөлінгені айтылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы белсенді іске асырылып жатыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

тоғызқұмалақшы балалар
Фото: ҰЭМ

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Қостанай облысына жұмыс сапарымен барып, Заречное ауылында болды.

Сапар барысында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ауылда салынған нысандарға ерекше назар аударылды. Олардың ішінде дене мүмкіндіктері шектеулі балаларды оңалтуға және емдеуге арналған спорт кешені мен жабық манеж бар. 1,16 млрд теңге сомасында іске асырылған бұл жобалар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға маңызды үлес болды.

— Жалпы, биыл «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде көлік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды салуға, күрделі және орташа жөндеуге Қостанай облысына 9,8 млрд теңге бөлінді, — делінген хабарламада.

Содан кейін Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде жүзеге асырылған тігін цехының қызметімен танысты. Тобыл қаласындағы бұл жоба құны 8,5 млн теңгені құрады.

Қостанай облысына жұмыс сапары кезінде Бауыржан Омарбеков Тобыл қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесу кезінде инфрақұрылымды жақсартуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысты өзекті мәселелер көтерілді.

Айта кетейік, бұған дейін Омарбеков «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 194 млрд теңге сомасына 771 ауылда 1,8 мың жоба іске асырылғанын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар