Қостанайда бильярдтың «Қозғалмалы пирамида» түрінен ел чемпионаты болады

Оған ҚР Бильярд спорт федерациясының облыстық филиалдары ұсынған спортшылардан бөлек, Байқоңыр қаласының тастаяқшылары да қатыса алады. Онда қатысушыларды тіркеу мен жеребе тарту рәсімі 13 наурызда болады. Жарыстың алғашқы кезеңіндегі сайыста үздік 16 спортшы іріктеледі. Дәрежелік бұл сында олар 2 жеңіліске дейін бақ сынай алады. Екінші кезеңде жеңіліс тапқандар жүлделі орынға таласу мүмкіндігінен айрылады және ақтық сында 3-ші орын үшін матч өткізілмейді.
Былтыр 13-16 наурызда Ақтөбе қаласында өткен чемпионатқа 68 спортшы қатысқан болатын. Онда ақтық сында алматылық Дәурен Орынбаевтан басым түскен ақтөбелік Азат Түменов жеңімпаз атанған еді. Ал оның жерлесі Юрий Радченко мен тараздық Ғани Шардарбеков қола жүлдегер атанды. Онда Алматы қаласының намысын Дәурен Орынбаевтан басқа Эмиль Мударисов, Қаныбек Сағындықов, Алмас Әбсейіт, Айдос Туғанбаев, Эдуард Юн қорғаған еді.