Қостанайда қайтадан ыстық су беріле бастады
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанайда 13 тамыздан бастап ыстық су беру жұмыстары басталды. Бұл туралы «КТЭК» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны хабарлады.
Алғашқылардың қатарында блокты-модульді қазандықтардан қуат алатын жаңа шағын аудандар – Құнай, Әуежай, Береке, Солтүстік-Батыс және Жеңіс шағын аудандары қосылды. Жалпы саны – 167 көпқабатты тұрғын үй.
Қаланың орталық бөлігіне қарасты ТЭЦ-ке қосылған 1031 көпқабатты үй 18 тамыздан бастап ыстық сумен қамтылады.
Сонымен қатар, 78 үйде апатты учаскелерді жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл үйлерге ыстық судың берілу мерзімі шамамен 23 тамызға дейін ұзартылды. Тиісті мекенжайлардың тізімі ресми дереккөздерде жарияланды.
Бұған дейін Қостанайда жылу желілеріне қысым жасау (опрессовка) жұмыстары жүргізілгені хабарланған болатын.