Қостанайда қираған ғимарат: Үйінді астынан 3 адам шығарылды
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Қостанайда газ салдарынан қираған ғимарат туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Kazinform.

«11 желтоқсан күні сағат 12:39-да Қостанай қаласының Амангелді кентінде газ-ауа қоспасының жарылысы салдарынан жүк көлігін жөндеуге арналған бір қабатты ғимарат қирағаны туралы хабар түсті. Куәгерлердің айтуынша, үйінді астында адамдар болуы мүмкін», — деп жазылған ҚР ТЖМ хабарламасында.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Қостанай облысы ТЖД және жергілікті атқарушы орган күш-құралдары жұмылдырылған.
Алғашқы медициналық көмекке 12 адам жүгінді.
«Іздестіру-құтқару жұмысында үйінді астынан үш адам шығарылды. Біреуі көз жұмған. Іздеу жалғасуда. Ақпарат түсуіне қарай тағы толықтырылады», — дейді министрлік.
Бұған дейін Қостанайда 7 адам қираған үйдің астында қалып қойғаны хабарланған еді.