Қостанайда нашақорларға қарызының орнына баласын берген әйелді ата-ана құқығынан айырмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай қаласының прокуратурасы нашақорларға қарызын қайтара алмай, ақшаның орнына 2 жастағы баласын берген әйелді ата-ана құқығынан айыру туралы сотқа арыз берді, деп жазады жергілікті «Наша газета».

Қостанайда нашақорларға қарызының орнына баласын берген әйелді ата-ана құқығынан айырмақ

Бала бөтен адамдармен бір жылдан астам уақыт бойы тұрған. Белгілі болғандай, есірткі затын заңсыз сақтау және тарату туралы сот процесі кезінде куәгерлердің бірі танысының үйінде бөтен баланың тұратыны туралы айтқан. Сондай-ақ ол баланың аталған үйдегі тұрғындарға еш туыстығы жоғын да мәлім еткен. Оқиға орнына барғанда, ақпарат рас болып шықты. Бала санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайда тұрып келген.

«Арызды келесі аптада қараймыз. Бүгінде бала «Дельфин» балалар үйіне орналастырылды», - деді журналистермен болған брифинг барысында кәмелетке толмағандар ісі бойынша мамандандырылған соттың төрағасы Айзада Жәнібекова.