Қостанайда салық органының қызметкері бизнес құқықтарын бұзғаны үшін жауапқа тартылды

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM - Қостанай қаласының прокуратурасы салық заңнамасының сақталуын талдау барысында кәсіпкерлік субъектісінің құқықтарының бұзылуын анықтады.

Прокуратура
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Қостанай қалалық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, салық органының бұйрығы негізінде қала кәсіпкерлерінің біріне қатысты хронометраждық зерттеу жүргізілгені анықталды.

Тексеру барысында фискалдық органның лауазымды тұлғалары тексеру объектілерінің кіреберістерін күн сайын мөрлеп отырды.

Алайда, мұндай әрекеттер мемлекеттік кіріс органдарының хронометраждық зерттеу жүргізу тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделмеген.

Салық органының бөлім басшысы болған жағдай туралы хабардар етілгеніне қарамастан, бизнес субъектісінің құқықтарының бұзылуына жол бермеу шаралары қабылданған жоқ.

Осыған байланысты, қала прокуратурасы лауазымды тұлғаның әрекетсіздігі үшін әкімшілік іс қозғады, ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 173-бабына сәйкес сараланды.

Материалдар сотқа жолданды.

- Қарау қорытындысы бойынша сот қадағалау органының уәждерімен келісіп, лауазымды тұлғаны кінәлі деп танып, 100 АЕК көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындады, - делінген хабарламада.

Қостанай қаласының прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және мемлекеттік органдардың заңсыз араласуының алдын алу бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.

Осыған дейін Қостанайда прокуратура білім қызметкерлерінің 5 млн теңге қосымша төлем алуына ықпал еткені туралы жаздық.