Қостанайда теміржол аумағында жасөспірімді тоқ соқты

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайда теміржол аумағында мектеп оқушысын тоқ соғып, ауыр электр жарақатын алды. Қазір бала жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

жедел жәрдем
Фото: Gazeta.uz

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, 2013 жылы туған жасөспірім достарымен бірге Рудный қаласынан Қостанайға келген. Алдын ала мәлімет бойынша, кәмелетке толмағандар теміржол жолдары орналасқан аумақта болған. Сол жерде оқушыны электр тоғы соққан.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен баланың жағдайы ауыр екенін растады.

— Бала ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Қажетті ем алып жатыр, — деп хабарлады ведомство.

Бұған дейін Оралда 10 жастағы баланы тоқ соғып, қаза тапқан болатын.

Тамыз айында Астанада балалар алаңында тағы бір баланы тоқ соққан. Кейін құрылыс компаниясына кабельге қатысты анықталған заңбұзушылықтарды жою қажеттігі бірнеше рет ескертілгені белгілі болды.

Бұған дейін Қостанайда вагонның үстіне шығып суретке түспек болған жасөспірімді тоқ соққанын жазған едік.