Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қостанайда вагонның үстіне шығып суретке түспек болған жасөспірімді тоқ соқты

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты теміржолда тоқ соғып, ауыр күйік алған жасөспірімнің қамқоршысын әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Қостанайда вагонның үстіне шығып суретке түспек болған жасөспірімді тоқ соқты
Фото: pixabay.com

Іс ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамауға қатысты бабы бойынша қаралды.

Іс материалдарына сәйкес, 25 маусым күні кешкі сағат 21:00 шамасында жасөспірім Қостанай станциясындағы Оңтүстік теміржол паркінің аумағында болған. Суретке түспек болған ол байланыс желісінің астында тұрған жүк вагонының үстіне шығып, электр тоғына түскен.

Оқиға салдарынан жасөспірім ауыр жарақат алды. Оның денесінің 60 пайызы күйіп, III дәрежелі күйік шогы, сондай-ақ мұрны мен тілі жарақаттанған.

Сот отырысында қамқоршы өз кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, анасы қайтыс болғаннан кейін жиенін өзі тәрбиелеп келеді.

Сот қаулысымен ер адам кінәлі деп танылып, оған 43 250 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Атыраудағы орталық көпірде тоқ соққан азаматтар кінәлілердің заң алдында жауап бергенін қалайды.