Қостанайда жаңа денсаулық сақтау нысандарының құрылысы аяқталып келеді

ҚОСТАНАЙ. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат /Петр Плахотников/ - Алдағы күндері Қостанайда жаңа денсаулық сақтау нысандарындағы құрылыс жұмыстары аяқталады. Облыс әкімі Сергей Кулагин облыстық қан орталығының, емхана мен көпбейінді аурухананың құрылыс алаңдарында болды.

Қостанайда жаңа денсаулық сақтау нысандарының құрылысы аяқталып келеді

Қан орталығының сметалық құны 3 млрд. теңге. Жаңа мекеме жылына 18 мың литр қан дайындауға арналған. Аймақ басшысы нысандағы барлық құрылыс-монтаждау жұмыстары іс жүзінде аяқталып қалғанына көз жеткізді.

Қостанайдың 9-шы шағын ауданында салынған, бір ауысымда 500 науқасты қабылдай алатын жаңа емхана республикалық бюджет есебінен салынып жатыр. Жобаның құны 2 млрд. теңгеге жуық қаражатты құрайды. Қазір нысандағы қалған құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. С.Кулагин екі нысанның да үстіміздегі жылғы қарашаның 25-нен қалмай пайдалануға беріледі деп сенеді.

Облыс әкімі сондай-ақ облыстық көпбейінді аурухананың құрылысымен де танысты. Аурухана 300 орынға арналған, жобаның құны 6,2 млрд. теңге.