Қостанайда жер қатынастары бойынша көрсетілген 50 мемқызметтен кемшіліктер анықталды
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті жер қатынастары саласы бойынша мемлекеттік қызмет көрсету кезінде заңсыздықтарды анықтады.

«Электронды құжат және электронды цифрлық қолтаңба туралы» заңына сәйкес, электронды цифрлық қолтаңба адамның жеке қолтаңбасы саналады. Ал цифрлық қолтаңбаны жасау мен пайдалану тәртібі нақты белгіленген.
Соған қарамастан бірқатар қала мен ауданда мемлекеттік орган жетекшілерінің электронды цифрлық қолтаңбасын олар іссапарда немесе еңбек демалысында жүрген кезінде қолдану жағдайлары анықталды. Яғни лауазым иесінің міндетін атқарушы көрсетілген мемлекеттік қызметтерге жетекшінің қолын оның өзі жоқ кезде пайдаланған. Осындай 50 жағдай анықталды.
Департамент өкілдері мұндай жағдайлардың мемлекеттік қызметшілердің олар қабылдайтын шешім бойынша жеке жауапкершілігі принципін бұзып, жемқорлық тәуекелдерін тудыратынын айтады.
Осыған байланысты мемлекеттік орган өкілдеріне кемшіліктерді жою туралы хат жолданды, онда сондай-ақ мұндай жағдайға болашақта жол бермеу қажеттігі айтылды. Материалдар кінәлі адамдарды жауапқа тарту үшін өкілетті органға жолданды.
Осыған дейін Қостанай облысының тұрғындарына жылуға жұмсалған 106 млн теңге қайтарылатыны туралы жаздық.