Қостанайда облыстық аурухананы жөндеу кезінде 141 млн теңге жабдығы ұрланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай қаласындағы облыстық аурухананың № 3 корпусын күрделі жөндеу кезінде 141 млн теңгеге жуық медициналық жабдықтың жоғалғаны анықталды. Қостанай прокуратурасының мәліметінше, қылмыстық іс медициналық мекеме басшылығының арызы негізінде қозғалған.

Қостанайдағы облыстық аурухананы жөндеу кезінде 141 млн теңге жабдығы ұрланды
Фото: Дарья Аверченко / Kazinform

— Бас дәрігердің өтініші бойынша облыстық аурухананың № 3 корпусын күрделі жөндеу барысында медициналық жабдықты ұрлау дерегі негізінде қылмыстық іс қозғалды, — деп хабарлады қадағалау органы.

Денсаулық сақтау басқармасының нақтылауынша, облыстық аурухананың бір корпусын күрделі жөндеу жобасының жалпы құны 1 млрд 33,5 млн теңге, оның 496,5 млн теңгесі игерілген.

Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылған, нысан толық аяқталмаған. Ғимараттың дайындық деңгейі мемлекеттік сараптаманың қорытындысынан кейін анықталады.

Басқарма мәліметінше, жобаға түзетулер енгізілген, құжаттама қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың 1 наурызында басталуы тиіс жұмыстарға мердігер кіріспеген. Сол кезде ұйым жұмыс құнын арттыруды және келісімшарт мерзімін ұзартуды талап еткені айтылған. Кейін мердігер сотқа жүгініп, келісімшартқа өзгеріс енгізуді, яғни жұмыс құнын және орындау мерзімін ұлғайтуды міндеттеу туралы талап қойған. Бұған себеп ретінде жобалық-сметалық құжаттаманың 2025 жылғы 15 мамырда жарамдылық мерзімінің аяқталуы көрсетілген.

Сотта медиациялық келісім жасалды: мердігер жұмыс құнын көтеру талабынан бас тартты, ал жұмыс мерзімі 1 қазан 2025 жылға дейін ұзартылды. Алайда денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, мердігер ұйым өз міндеттемелерін іс жүзінде орындамаған. Нысанда ауысымына небәрі 2–4 адам ғана жұмыс істеген, ал аурухананың ауызша және жазбаша ескертулеріне жауап берілмеген. Белгіленген мерзімге дейін, яғни 1 қазан 2025 жылға дейін нысан тапсырылмаған.

2025 жылғы 2 қазанда аурухана нысанның уақытында тапсырылмауына байланысты келісімшартты мерзімінен бұрын бұзу туралы хабарлама жолдаған. Былтыр 26 қараша күні келісімшарт мемлекеттік сатып алу порталында тиісінше орындалмағандықтан бұзылған. Мердігер бұл шешіммен келіспей, келісімшарт мерзімін ұзарту және бұзуды заңсыз деп тану туралы сотқа талап қойған. Алайда Қостанай облыстық сотының 2026 жылғы 31 наурыздағы шешімімен келісімшартты ұзартудан бас тартылып, бұзу заңды деп танылған.

Басқарма сондай-ақ 2025 жылғы 13 қарашада облыстық мәслихат, денсаулық сақтау басқармасы және аурухана әкімшілігі өкілдерінен құралған комиссия нысандағы жылу жүйесінің қысқы маусымға дайындығын тексергенін хабарлады. Тексеру кезінде ғимараттың есіктері ашық болған, мердігердің күзеті болмаған, бұл акті мен келісімшарт талаптарына сәйкес қамтамасыз етілуі тиіс еді.

Тексеру барысында комиссия бұрын сатып алынған, орнатылған және ақшасы төленген медициналық арнайы жабдықтың бөлшектелгенін анықтаған. Осыдан кейін аурухана әкімшілігі мердігерге нысанға келу туралы талап пен ескерту жолдаған, алайда ол келмеді.

Анықталған фактіден кейін денсаулық сақтау басқармасы облыс әкімдігіне аудит жүргізу туралы сұраныс жолдаған. Әкімдік нысандағы орындалған жұмыстар мен жабдықтардың сәйкестігіне аудит жүргізуді тапсырған. Мердігерге аудит туралы хабарланғанымен, оның өкілі тексеруге қатыспаған.

Басқарма мәліметінше, аудит техникалық қадағалау өкілімен бірге жүргізілген. Нәтижесінде 2024 жылдан 2025 жылғы 6 наурызға дейінгі орындалған жұмыстар актілері бойынша бұрын орнатылған және аурухана төлеген жабдықтың жетіспейтіні анықталған. Жетіспейтін сома — 141 млн 194,1 мың теңге.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аурухана өтініші негізінде Қостанай қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімі «аса ірі көлемдегі ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Қазіргі уақытта барлық медициналық манипуляциялар жергілікті перинаталдық орталықта жүргізіліп отыр. Нысан іске қосылғаннан кейін онда гинекология, жақ-бет хирургиясы және оториноларингология бөлімшелерін орналастыру жоспарланған. Құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау және нысанды пайдалануға беру 2026–2027 жылдарға жоспарланып отыр.

Тағы бір күрделі жоба — балалар облыстық ауруханасын жөндеу. Жоба 2021 жылдан бері созылып келеді. Бұған мердігер ұйым мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы арасындағы сот даулары себеп болған: 2023 жылы келісімшарт азаматтық тәртіпте бұзылған. 2024 жылдың ақпанында жөндеуді аяқтауға қосымша 1,5 млрд теңге сұралған, бұл сомаға басқарма басшысының айтуынша, инженерлік желілерді қосу жұмыстары және басқа да шығындар кіреді.

Қараша айында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бұл ұзаққа созылған жөндеу туралы пікір білдірді.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамада қаралып отыр. Қорытынды маусымның екінші онкүндігіне жоспарланған. Басқарма қазіргі таңда нысандарды одан әрі кешіктіру қаупі жоқ екенін хабарлады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ғимаратты күрделі жөндеу 2021 жылдың 27 шілдесінде «Табыс Плюс» компаниялар тобы әзірлеген жобалық-сметалық құжаттама негізінде басталған. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрады.

Бастапқыда құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылдың қаңтарында аяқталуы тиіс болған, алайда мерзім кейінге шегерілген.

Қостанайдағы облыстық аурухананы жөндеу кезінде 141 млн теңге жабдығы ұрланды
Фото: Дарья Аверченко / Kazinform

— Құрылыс мерзімі объектінің толық берілмеуіне байланысты бір рет ұзартылды. 2021 жылғы 2 сәуірдегі сот ұйғарымы мен бітімгершілік келісім негізінде 13 сәуірде қосымша келісім жасалып, шарттың орындалу мерзімі 2021 жылдың 1 тамызына дейін ұзартылды, — деп хабарлады ведомство.

Сондай-ақ басқарма жөндеу жұмыстары кезінде жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілмегенін атап өтті. Алайда кейіннен «Вершина» атты екінші мердігер ұйым жұмыстарды жалғастырудан бас тартқан.

— Жұмыс тоқтатылған сәтте мердігер өзгерген коэффициенттерді (2021–2022 жылдар) ескере отырып және сметалық құнның 10 пайыздан астам қымбаттауына байланысты жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізуді талап етті, — делінген басқарма жауабында.

Жөндеу кезеңінде нысанға қосымша қаржы бөлінбеген.

Сонымен қатар сот арқылы мердігерден 100 млн теңгеге жуық қаражат өндірілген. Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен:

● 68,8 млн теңге — игерілмеген аванс;

● 21,8 млн теңге — коммуналдық шығындар;

● 2,7 млн теңге — сот шығындары өндірілген.

Бұдан бөлек, мердігер ұйыммен жасалған келісімшарт бұзылған.

Жоба тоқтатылғаннан кейін облыстық балалар ауруханасының ғимараты Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының балансына берілген. Қазір әкімдік оны күрделі жөндеу емес, қайта жаңғырту (реконструкция) ретінде іске асыруды жоспарлап отыр.

Басқарма дерегінше, 2024 жылдың желтоқсанында «Строн-Холдинг» ЖШС жаңа жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кіріскен.

Қазіргі уақытта құжаттама дайын, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.

— Қазіргі таңда ЖСҚ әзірлеу аяқталды, құжаттама мемлекеттік сараптамада қаралуда. ЖСҚ бекіту тек оң қорытынды алынғаннан кейін жүзеге асырылады, — деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Қанапин.

Жобаның нақты құны әзірге белгісіз, ол тек сараптама аяқталғаннан кейін анықталады. Одан кейін мердігер ұйымды анықтау үшін мемлекеттік сатып алулар жүргізіледі.

Осылайша, балалар облыстық ауруханасын күрделі жөндеу басталғаннан кейін бірнеше жыл өтсе де, жоба қайтадан жобалық құжаттама дайындау сатысында тұр, ал құрылыс жұмыстары мен оның аяқталу мерзімі әзірге белгісіз.

Айта кетейік, елордада жыл басынан бері құрылыс саласында 160 млн теңгеден астам айыппұл салынған.