Қостанайдағы түнгі клубтардың бірінде прокуратура қызметкерімен қару қолдану фактісі тексерілуде - Бас прокуратура

Бұл туралы бүгін Астанада Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
Оның айтуынша, бастапқыда Қостанайда орын алған оқиғада прокуратура органдарының 4 қызметкері болды деген алдын ала ақпарат келіп түскенмен, кейін белгілі болғанындай, онда прокуратура қызметкерінің біреуі ғана қатысқан. Ақпарат бойынша, Қостанайда прокуратура қызметкері травматикалық қарудан оқ атқан. Жарақат алғандар бар.
«Прокуратураның өзіндік қауіпсіздік комитетімен қазіргі кезде арнайы тексеріс жүргізілуде. Ол жерде прокуратураның бір қызметкеріне ғана қатысты мәлімет қызметтік тексеріс аяқталғаннан кейін қосымша хабарланады. Жарақат алған адамдар атыстан болған ба, басқадан болған ба, тексеріс кезінде белгілі болады», - деп атап өтті ресми өкіл.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, егер оның іс-қимылынан қылмыстық белгілер табылған жағдайда, ол қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылады.