Қостанайдың сотталған экс-әкіміне тиесілі мейрамхана 91,4 млн теңгеге сатылды
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — «Алтын-Саф» деп аталған бұрынғы мейрамхана кешені аукционға қойылып, тек үшінші рет өткізілген саудада ғана сатылды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Қостанай облысы әкімдігінің қаржы басқармасы хабарлағандай, «Алтын Саф» мейрамханасы аукционға Қостанай облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ұсынысы және облыс әкімдігінің қаулысы негізінде қойылған.
Бастапқы бағасы — 256,6 млн теңге болған.

Ғимараттың жалпы аумағы 1558,4 шаршы метр, ол «Екатеринбург–Алматы» тас жолының 550-шақырымында орналасқан.
— Бірінші және екінші тендерге қатысушылар болмағандықтан, олар өткізілмеген деп танылды. Үшінші тендер 2025 жылдың 22 тамызында өтіп, осы ғимарат 91,4 млн теңгеге сатылды, — деп мәлімдеді ведомство.

Еске сала кетейік, Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжанов 13 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Айыптау қорытындысына сәйкес, Ахметжанов 2014 жылдың маусым айынан қыркүйекке дейін бірнеше адаммен сөз байласып, ірі көлемде пара алған.
Сондай-ақ, бұған дейін экс-әкімнен тәркіленген мейрамхана ғимаратында Цифрлық ХҚКО (ЦОН) ашылғаны хабарланған.