Қостанайлық полицей: Тергеуші –бастығына тапсырма бере алатын жалғыз маман

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Тергеу саласы – тиянақтылықты қажет ететін полиция қызметінің бір түрі. Қылмыскерлермен бетпе-бет келіп, жауап алатын тергеушілер жұмысының ауыртпалығы мол. Осындай күрделі саланың қиындығы мен қызығы туралы облыстық полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Дүйсембеков айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанайлық полицей: Тергеуші –бастығына тапсырма бере алатын жалғыз маман

–Тергеуші қызметі терең білімді, ой ұшқырлығын, сөйлесу шеберлігін талап етеді. Қылмыстың ақ-қарасын ажыратып, шыңдық іздеу білікті тергеушілердің мойнына жүктелген. Өзіңіз полиция қатарында қырық жылға жуық еңбек етіп келесіз. Соның қанша уақыты тергеу саласын жұмсалды?

– Әңгімені әріден бастайық. 1980 жылы Қарағанды жоғары милиция мектебін бітірген соң бірден құқық қорғау қызметін таңдадым. Ол кезде жиырма жастамын. Мәскеуде Олимпиада өтіп жатқан кез. Оқуды жаңа бітірген болашақ мамандар Мәскеуде жиналдық. Бастапқыда 200 курсантты жинап, іріктеу өткізді. Оның ішінде тек 35-і ғана Қазақстаннан болды. Қалғандары Қырғызстаннан, Балтық жағалауынан, Кавказ, Грузиядан, Ресейден келген жас жігіттер еді. Айтпақшы, біз әлі күнге дейін сол әріптестермен араласып тұрамыз, достығымыз ажыраған жоқ. Өзіміздің жеке чатымыз да бар. Міне, осылайша жауапты жұмысқа алды бізді. Негізі мен ешқашан тергеуші боламын деп ойламадым.

Жедел қызмет жайында армандаушы едім. Сол қызметте еңбек жолымды бастадым. Уақыт өте социалистік меншікті жымқыруға қарсы күрес бөлімінде, кейін нашақорлықпен күрес бөлімінде жұмыс істедім. Үш жылдан соң Жезқазған облысы Никольский қаласына (қазіргі Сәтбаев – автор) оралдым. Ал ондағы ішкі істер бөлімінде тек тергеуші лауазымы ғана бос болды. Бір ай жұмыс істегеннен кейін бастықтың орынбасарына барып: «Бұл жұмысты білмеймін, қылмыстық іздестіру бөліміне көшіріңіз» - дедім. Ол менің арызымды жыртып тастады. «Жоқ, қаласың. Сенің қолыңнан келеді!» - деп шығарып салды.

Не керек, жұмыс істедік. Бастықтың айтқаны – заң. Қызығы, екі жылдан соң облыстың ең үздік тергеушісі атандым. Кейін Теміртау қаласының ІІБ Тергеу жөніндегі бастығының орынбасары, артынша Қарағанды полиция департаментінің Тергеу басқармасының бастығы болып тағайындалдым.

Қайрат Сыздықұлы, халық ішінде «Кәсіби маман орын мен жұмыс таңдамайды» - деген тәмсіл бар ғой. Бұл пікірге қалай қарайсыз? Өзіңізде қалай болды?

– Әр жылдары аудан-қалаларға жұмыс бабымен жіберетін. Қайда барсам да, білім алуға, оқуға көңіл бөліп, уақытымды босқа жібергім келмейтін. «Ішкі істер органдарындағы басқару негіздері» атты кітапты тастамай алып жүретінмін. Қателеспесем, бұл кітапты кезінде 500 данамен ғана шығарған. Соның біреуі менде. Полицияның жұмысы әрқилы. Қатып қалған қағида жоқ. Бастысы, тапсырылған жұмысты абыроймен орындау ғой. Кәсіби маманның жұмысы мен міндетін жоғары деңгейде білгенін қалаймын. Ол сол үшін де кәсіби маман атанып отыр.

– Қайсыбір жылы «Қазақмыстың» Жезқазған кенішінде оқыс оқиға болды. Бұл жағдайды тексеру жөніндегі Үкіметтік комиссияның мүшесі болдыңыз. Осы оқиға туралы нақтылап өтсеңіз.

– Бұл 2008 жылы болды. Шахтада жарылыс болып, ондаған кенші қаза тапты. Мен ол уақытта Қарағандыда тергеу басқармасында жұмыс істеймін. Комиссия кеніш жұмысынан көптеген заң бұзушылықтарды анықтады. Шахта ішінде ауа шығарғыштар, желдету желілері дұрыс жасалмаған болып шықты. Кеніш іші опырылып түсіп, метан газы жиналып қалған. Шахтадан сыртқа ауа шықпайды. Газ қайда барады? Ешқайда. Салдарынан жарылыс болды. Қылмыстық іс қозғалды, мен оны тергедім. Содан кейін осы істің негізінде шахталарды жарақтандыруды тексеру бойынша оқу құралы әзірленді. Бұл енді басқа жағдай.

– Осы сияқты қаншама қылмыстық істерді ашуға қатысасыз. Ең есте қалатындарын айтып берсеңіз.

– Қостанай облысына қызметке ауысқан уақытта қабылдауыма бір ана келіп жүгінді. Ол 2016 жылдан бастап ұлын іздеп жүр екен. Бұл іс жай жатты, жоғалған адамды іздеуге ешкім тырыспаған. Жоғалған адамның республикадан тыс жерде болуы мүмкін деген күдік туды. Мен істі мұқият зерттеп, Меңдіқара ауданынан білікті тергеушіні, жедел қызметкер мен учаскелік полицейді бір топқа жинадым. Бұрынғы полиция қызметкерінің кісі ұрлау ісіне қатысы болғанын білдік. Зерттеу ісі құпия өтті. Тіпті ІІМ үшін де ақпаратты жария етуге тыйым салып, жұмыс істей бастадық. Осы деректі ашуға жарты жыл уақыт жұмсадық. Жоғалған кісінің өлтірілгені анықталды. Оған ауыр дене жарақаты салынған, ұрып-соққан. Бұған қоса жезөкшелік, зорлау фактілері әшкере болды.

Бұның бәрі аудандық аурухананың ақпаратынан белгілі болды. Анасы іздеу салған соң кісі ұрлағандар іске кіріскен. Жігітті өлімші етіп ұрып, денесін өртеп жіберген. Қорқынышты оқиға. Кейде, керісінше, қызық жағдайлар кездесіп жатады. Адамдардың аңқаулығына таң қаламын. Бір әйел кісі келіп, бізден көмек сұрады. Айтуынша, белгісіз біреу оған қоңырау шалып: «Лондонда тұрамын, менің миллионер атам қайтыс болды. Барлық ақшасын Қазақстанға қайырымдылыққа аудару керек» - депті. Бірақ ақшаны аудару үшін алдын ала салық төлеу қажет. Жаңағы әйел алты миллион теңгеге несие алып, ақша жібереді. Бір жағынан күлесің, бір жағынан өте өкінішті жайт. Кейін сол несиені төлеуге мәжбүр болды, өзінің табысы да аз. Алаяқтар туралы қаншама рет ескертіп жатырмыз, жұрт құлақ аспайды.

– Қостанайға ІІМ еңбек сіңірген қызметкері атағымен келдіңіз. Қарағанды полициясында бірнеше жыл еңбек еттіңіз. Жалпы тергеушінің полициядағы басқа мамандардан ерекшелігі неде?

– Қостанай облысына тәжірибесі толысқан маман ретінде келдім деуге болады. Бұл әдеттегідей кадрларды ротациялау жүйесі. Бір басшылық орында бес жылдан астам жұмыс істеуге болмайды. Қылмыстық істерді тергеу – тергеушінің жұмысы. Тергеуші – бастығына тапсырма бере алатын ішкі істер саласындағы жалғыз маман. Қажет болса, тергеу әрекеттерін жүзеге асыру мақсатында полиция департаментінің бастығына тапсырма бере алады.

Бір ерекшелігі осы және оның жұмысы өте қиын. Айта кетерлігі, 2015 жылы ҚР Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізіліп, бірақ кейбір қауіп-қатер ескерілмеді.

Барлық қызметтерден сотқа дейінгі тергеуді алып тастады. Тергеу амалдары толығымен тергеушіге жүктелді. Жедел уәкіл, учаскелік полиция қызметкерлері тергеушінің тапсырмасынсыз қылмыстарды ашумен де, басқа да тапсырмалармен айналысуға құқығы жоқ. Бұл уақыт пен күшті босқа жоғалту деп санаймын. Алайда, кодекс басқа ұстанымды көздейді. Статистикаға сүйенсек, түрмеден босап шыққандардың 80 пайызы қайта қылмыс жасайды. Осы ретте тергеушіге түсетін салмақтың ауырлығы бірден білінеді.

–Облыста қанша әріптесіңіз бар? Жұмыс режимі бірқалыпты ма?

– Қостанайда 150 тергеуші жұмыс істейді, әрқайсысына жүктеме нормадан бес-алты есе жоғары беріледі. Бір айда қырық және одан да көп іс түседі. Бұдан бөлек, адамның өзіне түсетін психологиялық жүкті қосыңыз. Адамдардың қайғысын тергеуші өзі арқылы өткізеді және ол ұмытылмайды, әрбір қылмыс біздің жадымызда. Бізде тергеу басқармасының аппараты бар, онда негізінен қыздар жұмыс істейді. Олар шыдамды келеді. Ал жігіттер шалғай аймақтарға жіберіледі.

– Тергеу ісіне қорғаушылар қаншалықты араласады?

– Бұл өзі бұлыңғырлау жағдай болып отыр. Бүгінде адвокаттарға тым көп артықшылықтар берілген. Бұрын олар алдымен қылмыстық іс аяқталған кезде ғана жұмысына кірісетін. Тиісінше, содан кейін тергеуге қатысуға тартылады. Қазір күдікті ұсталған сәттен бастап, қорғаушысы іске кірісіп кетеді. Менің түсінігімде адвокаттың міндеті – адамға заң мәселелерінде көмектесу. Ал олар оны өз бетінше түсінеді. Жауапкершіліктен жалтару, істі бұзуға бағыттайтын шараларға барады. Мойындау керек Қостанай өңірінде мұндай жағдайлар да бар.

– Елімізде төтенше жағдайлар режимі енгізілді. Бос уақытыңызды қалай өткізесіз? Қылмыс туралы, тергеушілер жайында фильм қарайсыз ба?

– Не үшін? Менің күн сайынғы жұмысым детективтен кем емес. Негізі, тарихи фильмдерді ұнатамын.

– Әңгімеңізге рахмет!