Қостанайлық полицейлер тұрғындарды ашық әңгімеге шақырды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында осы аптаның соңына қарай кезекті «Жолда қабылдау» акциясы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанайлық полицейлер тұрғындарды ашық әңгімеге шақырды

Халықпен кері байланыс жасау, ашық әңгіме орнату – Мемлекет басшысының тәртіп сақшыларына қойған тапсырмасы. Соған байланысты облыстың полиция бөлімшелері басшылары «Жолда қабылдау» республикалық акциясының 5-кезеңін бастамақ. Шара 16-17 тамыз күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін департамент, әкімшілік полиция, жергілікті және көші-қон қызметі басшылығы, сондай-ақ қалалық басқармалар мен аудандық полиция бөлімдерінде өтеді. Бұдан басқа, тұрақты режімде 8 (7142) 52-57-58 қауырт желі телефоны жұмыс істейді, ол бойынша қазір азаматтар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, кәсіби кеңес ала алады.

«Жолдағы қабылдау» мамандандырылған автобустары мына мәселелер бойынша қызмет көрсетеді: автокөлікті тіркеу, жүргізуші куәліктерін, паспорттар мен жеке куәліктерді беру, жол қозғалысын ұйымдастыру, көші-қон заңнамасын сақтау, көлік құралдарын қайта жабдықтау, әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл төлеу, шағымдар, жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне шағымдану, учаскелік және мектеп инспекторларының жұмысы. Маусым айынан бастап тұрғындарды қабылдау жаңа форматта жұмыс істейді. Полиция қызметкерлеріне арнайы ұйымдастырылған үйішілік қабылдау бөлмелері арқылы хабарласуға да болады», - дейді облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Нығмет Ысмағұлов.

Оның айтуынша, облыста 40 «ауладағы қабылдау» нүктесі ұйымдастырылған. Онда учаскелік полиция инспекторлары ПИК-пен және тұрғын үй инспекцияларымен бірлесіп тұрғындарды жергілікті жерлерде мобильдік режімде қабылдайтын болады. Қазірдің өзінде тұрғындардан 3 700 арыз-шағым түскен.