Костенко шахтасындағы 46 кенші өліміне қатысты шындық — журналистік зерттеу

АСТАНА. KAZINFORM — Костенко атындағы шахтадағы жарылыс 46 адамның өмірін қиды. Сот барысында қорғаныс жүйелерінің істен шығуы кездейсоқтық емес, жоспарды орындау үшін жасалған саналы әрекет екені мәлім болды. «Jibek Joly» телеарнасындағы «Правда в деталях» бағдарламасы бұл күрделі істің ақ-қарасын анықтап көрді.

Правда в деталях
Фото: Видеодан скрин

Сенімсіз қорғаныстың салдары

Бағдарламаның алғашқы шығарылымында 2023 жылдың қазан айындағы трагедияға әкелген оқиғалар тізбегі қалпына келтірілді. Заңбұзушылықтар, моральдық қысым, тозған жабдықтар мен жасырын өрттердің бәрі жылдар бойы жиналып қалған. Алайда, тіпті, осындай жағдайда да кеншілердің соңғы қорғаныс аймағы болуы керек еді.

Жарылыс толқыны эпицентрден алты шақырымға дейін тараған. Мұндай жағдайлар үшін шахталарда шаң тосқауылдар қарастырылған. Жалынды тоқтатып, шағын жарылыстың үлкен апатқа ұласуына жол бермейтін қорғаныс шебі болады. Костенко шахтасында бұл шеп жұмыс істемеді.

— Мен аударылып қалған кен арбаларын көрдім. Олардың салмағы 3 тоннаға дейін жетеді екен. Жарылыс толқынының күштілігі сонша, оларды эпицентрден бірнеше шақырым жерде төңкеріп тастаған, — дейді ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Құлмағанбетов.

Шаңнан да ақша үнемдеген

Шахталардағы шаңды бөгеттер инертті шаң салынған сөрелерден немесе су толтырылған ыдыстардан тұрады. Костенко шахтасында негізінен алғашқы нұсқа қолданылған. Жарылыс толқыны сөрелерді аударып, инертті шаң ауаға көтеріліп, жалынды басуы тиіс еді. Алайда жедел тергеу тобы жүргізген тексеріс барысында бөгеттердің басым бөлігі мүлде іске қосылмағаны анықталды.

Бөгеттердің тиімсіздігін шахта ішіндегі үлкен қираулар мен жерге үйіліп қалған, тығыздалып қалған инертті шаң айғақтады. Ол ауаға таралмай, төмен құлаған. Кейбір шаң қаптардың ішінде екі қабатты полиэтилен пакеттерде сақталған, олар тек балқып кеткен. Мұны тек жедел қызмет өкілдері мен сарапшылар ғана емес, апаттан кейін жер астына түскен қарапайым кеншілер де атап өткен.

Костенко шахтасындағы 46 кенші өліміне кім кінәлі – Журналистік зерттеу
Фото: видеодан алынған скрин

Сараптамалар көрсеткендей, соңғы жылдары инертті шаң сатып алу көлемі қажетті мөлшерден әлдеқайда аз болған. 2020–2023 жылдар аралығында Костенко атындағы шахтада бар болғаны 527 тонна инертті шаң пайдаланылған. Ал есеп бойынша бұл бір жылдық қажеттіліктің өзіне жетпейді, демек, бұл жерде де үнемдеп қалғаны байқалады.

Сонымен қатар инертті шаң тау-кен қазбаларының бетін өңдеу арқылы көмір шаңының тұтануын болдырмау үшін қолданылады. Тексеріс журналдарына сүйенсек, тек 2023 жылғы 4–27 қазан аралығында жуу және күлдену жұмыстары бойынша 37 рет заңбұзушылық тіркелген. Ал куәгерлердің айтуынша, шахтаның көп бөлігінде бұл жұмыстар тек дүйсенбі мен бейсенбі күндері, басшылық шахтаға түскенде немесе тексерушілер келгенде ғана жүргізілген.

— Жылына 900 тонна болуы тиіс, ал оларда небәрі 100 тонна болған. Айырмашылық жер мен көктей. Кейін куәгерлерден жауап алынғанда «қазір инертті шаң қанша?» деп сұрағанда, «тізеден келеді» деп жауап берген. Ал шындығында мүлде болмаған. Айыпталушылар «бәрі жеткілікті, бәрі дұрыс» деді. Олардың өз жұмыстарына толық сенімдіміз деп мәлімдегені мені әлі таңқалдырады, — дейді қаза тапқан кеншінің қызы Виолетта Иванчина.

Кеншілерге көрсетілген қысым мен жалған көрсеткіштер

Сот тергеуі барысында өлімге әкелуі мүмкін қауіпті әдейі жасыру ретінде бағаланатын деректер белгілі болды. Куәгерлердің бірі тау-кен шебері мен оның көмекшісі газ датчиктеріне целлофан пакеттер кигізгенін көргенін айтты. Мұндай әрекет көрсеткіштерді қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін жасалған, яғни жұмысты тоқтатпау мақсатында қолға алынған.

Тағы бір куәгердің айтуынша, шахта директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Вадим Еремин жұмысшыларға қысым көрсетіп, «Газ көбейген сайын жұмысты тоқтатып, көп тұрып қаласыңдар. Жұмыс істегілерің келмейді. Лаваны тоқтатпаңдар, әйтпесе сыйақысыз қаласыңдар» деген екен.

Қыркүйек айынан бастап әр ауысымда дерлік лавадағы жұмыс газ концентрациясының артуына байланысты 2–3 сағатқа тоқтатылып отырған. Желдету жүргізілген соң жұмыс қайта жалғасқан. Мұндай жағдайлар жарылыс болған күнге дейін жүйелі түрде қайталанған.

шахтеры
Фото: centrspas.kz

Көміртек тотығы датчиктерінің көрсеткіштері бөлек мәселе. Мәліметтердің талдауына сәйкес, жарылысқа небәрі екі минут қалғанда осы көрсеткіштің шамадан тыс артқаны тіркелген, бұл жану процесінің басталғанын аңғартады. Қолда бар деректерге сүйенсек, диспетчер өрттің тұтанғанын және шахта басшысымен байланыс жүріп жатқанын білген. Соған қарамастан, журналға әдеттегі жазбаны енгізген — «феррит жұмыс істеп тұр» деп белгілеген.

Қаралы күндер

Жарылыс кенеттен болған жоқ. Кеншілер біраз уақыт өртпен күрескен. Бірақ бәрі кеш еді. Жарылыс 46 кеншінің өмірін қиды, оның 34-і бөлшектеліп кеткен. Құтқарушылар жер бетіне денелерді емес, олардың қалдықтары салынған пакеттерді шығарды. Кейбірін тек ДНҚ арқылы анықтау мүмкін болды.

Екатерина Мордасова
Фото: Видеодан скрин

— Анамның айтуынша, өте ауыр көрініс болған. Әкемді үш рет тануға бардық. Оны алғаш шахтада інім барып көрді. Тізімде «жер бетіне көтерілмегендер» дегенде әкемнің аты бірінші тұрды, — дейді қаза тапқан кеншінің қызы Екатерина Мордасова.

Виолетта Иванчина жақындарының жер астынан хабар күтіп, шахтада таңғы 9-дан түнгі 11-ге дейін отырғанын еске алады. Кенеттен «Бобряшовтің мүрдесі табылды» деген суық дауыс шықты. Әр есім атылған оқтай естілді.

Тергеушілер мен прокурорларға бұл істі түсіну оңай болған жоқ. Олар шахта өмірін, оның терминдерін басынан бастап үйренді. Прокурор Әділ Садықовтың өзі шахтаға түсіп, комбайнның қалай жұмыс істейтінін көзбен көргеннен кейін іс алға жылжыған.

Виолетта Иванчина
Фото: Видеодан скрин

— Әрине, бастапқыда қиын болды. Біз шахтер емеспіз, кейбір жерлерін түсінбедік. Прокурорларға да бейімделу оңайға соқпады. Бірақ кейін біздің прокурор Әділ Садықов шахтаға өзі түсіп, бәрін көзбен көрді. Оған үлкен алғыс. Құрылымын, комбайнның қалай жұмыс істейтінін зерттеді. Содан кейін іс алға жүре бастады. Ол деректерді анықтап, дәлелдеп, бізге де, судьяға да қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізді. Шахтада жұмыс істемейтін адамдардың өзі оның құрылымын толық түсіне алатындай етіп жеткізе алды, — деді Виолетта Иванчина.

Іс бойынша негізгі дәлелдердің бірі Қарағанды облысындағы политехникалық институттың PhD докторлары жүргізген ғылыми зерттеу болды. Көмір өнеркәсібі саласының мамандары жасаған бұл зерттеу қайғылы оқиғаға дейінгі жағдайды жан-жақты қалпына келтіруге мүмкіндік берген.

— Менің түйінім бойынша, болған жағдайға өндірістік учаске басшысынан бастап шахта директорына дейін тікелей осы он адамның кінәсі бар. Олар жұмысты тоқтатуға міндетті еді. Өрт ошақтарының барын біле тұра, әрекет етпеген. Дәл солардың нұсқауымен кейбір бөлшектер түпнұсқаға сай келмейтін түрге ауыстырылған, соның салдарынан тұтанулар орын алған, олар қолдан жасалған тәсілге бейімделген. Бірақ соған қарамастан, шахта жұмысы тоқтатылмаған, ал бұрынғы өрттердің себептері анықталмаған, — деді Бауыржан Құлмағанбетов.

10 айыпталушы

Сот процесі 2025 жылдың наурызынан тамызына дейін созылды. 80-нен астам отырыс өтіп, 265-тен астам адамнан жауап алынды. 

— Біз әбден қажыдық, шаршап біттік. Ал олардың менмендігін көру тіпті ауыр. Олар бостандыққа шығамыз деп сенді. Соңғы сөзінде тек төменгі лауазымдағы үш адамның ғана өкінішін сезіндік. Қалғандары төбеге қарап тұрып «көңіл айтамын» деді. Мен шыдай алмай «сен кімге көңіл айтып тұрсың, төбеге ме?» деп айқайладым, — дейді Виолетта Иванчина.

шахта
Фото: Kazinform

Екатерина Мордасова бірінші отырыс ең ауыр болғанын айтады.

— Олар үшін 46 адамның өмірінен гөрі жоғалған 9 мың тонна көмір маңызды болған. Олар біздің көзімізше табыс жоғалтқанына өкініп отырды, — дейді ол.

Сот үкімі тек жәбірленушілердің эмоциясына сүйеніп шығарылды деуге болмайды. Іс бойынша 100-ден астам том материал жиналған. Ондаған сараптама қорытындылары, айлар бойы зерттелген куәгерлердің жауаптары, шахта журналдарындағы жазбалар мен диспетчерлердің аудиожазбалары үкімнің негізіне айналды. Тергеу материалдары мемлекеттік айыптаудың басты дәлелі болды. Сонымен қатар прокурорға лауазымдық нұсқаулықтар, жабдықтарды пайдалану ережелері, қауіпсіздік талаптары секілді ауқымды ақпаратты зерделеуге тура келген.

Қайғылы оқиғаның негізгі себебі — конвейердегі қырғыштағы үйкелістен тұтану. Газ концентрациясының жоғары болуы бұл жағдайды ушықтырып, жарылысқа алып келген. Жарылыс толқыны басқа учаскелерге де таралған.

Нәтижесінде айыпталушылардың барлығы шахта басшылығы қатарындағы 10 адам 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемелерінде өтеуге сотталды.

Түйін орнына

Костенко шахтасындағы жарылыс адам өмірінен көмірді биік қойған жүйенің салдары. Пакеттермен жабылған датчиктер, тығыздалып қалған шаңы бар бөгеттер, лаваны тоқтатқаны үшін сыйақыдан қағамыз деген қысым — мұның бәрі жылдар бойы қалыптасқан басқару тәсілінің көрінісі.

Егер осы жүйенің бір ғана элементі дұрыс жұмыс істегенде, трагедияның ауқымы басқаша болар еді. 

Бүгінде Qarmet компаниясында енгізілген жаңа қауіпсіздік тәсілдері мен заманауи технологиялар өз нәтижесін бере бастады. Шахталардағы өндірістік жарақаттану деңгейі 82%-ға төмендеген. Жаңа компания үшін қауіпсіздік мәселесі басты басымдыққа айналған. Бұл бағыттағы оң өзгерістер алдағы уақытта да жалғасады деген үміт бар.

Айта кетейік, бұған дейін Костенко шахтасындағы трагедияның алғашқы шығарылымын жазған едік.