21:31, 12 Қазан 2013 | GMT +5
Қой бағасы қымбаттауда
АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат - Мұсылман қауымының ұлық мерекесі жақындағалы жүрегінде иманы бар жағдайлы жандардың құрбандық шалуға қам жасары белгілі. Сауабы сансыз қасиетті күндері құрбан шалып, қан ағызу арқылы Жаратқан Хаққа жақындағысы келетіндердің жаппай базар аралап, мал таңдайтыны түсінікті. Осы орайда, Астана қаласындағы мал базарындағы баға мөлшері де күрт көтеріліп, сауда көрігі қыза түсуде.

Айталық, бір жасар тоқты үшін базардағылар 18 мың теңге сұраса, орташа қой бағасы 30-35 мың теңгені құрайды. Ал, ірі және семіз қойлардың бағасы 40-50 мың теңге аралығында бағалануда.
Мал базардағы баға нарқының бұлайша құбылып тұратыны бұл күнде ешкімге таңсық емес. Естеріңізде болса, былтырғы жылы Құрбан айт мейрамы қарсаңында қой бағасы 15 мыңнан 50 мың теңгеге дейін қымбаттаған болатын.
Сондай-ақ, елордадағы Шапағат, Астаналық және Орталық базарларында кептірілген жеміс бағасы да көтерілген.
Бұл туралы muslim kz. хабарлады.