Қой терісі мен жүнінің қадірі түскен қазіргі қалпын қалай оңалтуға болады?
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ең көп қолданылған материалдардың бірі қойдың терісі мен жүні шығар. Атам қазақ қадір тұтып, қастерлеген төрт түлік малының терісі мен жүнінен киім тігіліп, киіз басылып, сан түрлі ыдыстар мен жауынгерлік бұйымдардың бөлшектері дайындалған. Бүгінде қазақтың салты мен дәстүрін көздің қарашығындай
сақтап келе жатқан республиканың кейбір аймақтарындағы, әдетте ауылдық аймақтарда тұрып жатқан бірен-саран қарттары болмаса, бүгінде жүн мен терінің қадіріне жетіп жатқан ешкім жоқ сияқты. Кезінде ата-бабамыз үшін соншалықты құнды болған материал бүгінде шыбын жеп, құрттап далада жатыр. Кәдеге жаратты дегені оны даладағы қора-қопсының жыртығына жамау еткен. Осыған қарап, қой терісі мен жүнінің шынымен-ақ қадірі кете бастағаны ма деген ойға қаласың. Алайда бүгінде осы қой терісінің жүні мен терісін пайдаланып, сан түрлі тауарлар шығарып, мол пайда тауып отырған елдердің бар екендігін көргенде ішің ашиды-ақ. Ол ол ма, осы шикізатты пайдаланып, одан шығарған заттарын әлемдік брендке айналдырған, сөйтіп қой жүні мен терісінің арқасында-ақ әлемге танымал болған мемлекеттерді қайтерсің.
Ендеше қой терісі мен жүнін неге пайдалана алмай отырмыз? Елде аталмыш материалға деген сұраныс неге жоқ және аяқ астында жатқан осы байлыққа деген немқұрайлылық қанша уақытқа дейін жалғаса бермек? Кеше Парламент Сенатына өткен Үкімет сағатында депутаттар осы мәселені тағы көтерді. Сенатор Тасбай Симамбаевтың айтуынша, бүгінде еліміздің аймақтарындағы ауылдарда төрт түлік малдың өте көп мөлшердегі терілерін кездестіруге болады. Олар қазір ешкімге керексіз болып қалды. Оның үстіне ауылда ондаған мың тонна жүн де жатыр. Ол да ешкімге керек емес. Ал мемлекет, нақтырақ айтқанда Ауыл шаруашылығы министрлігі осыған бір мезгіл көңіл бөліп, оны өңдеуге, сөйтіп одан халыққа пайдалы тауар шығаруға талпынса игі іс болар еді. Ал әзірге бұл материалдар қора-қопсыда сасып жатыр. Ұлыбританияда бүгін 10 миллион қой бар екен. Осы қойдан алынған тауарлар бүгінде әлемге танымал. Ал біздің жүніміз олардікінен 10 есе артық болса да шашылып далада жатыр. Бұл немқұрайдылық қашанғы жалғасады? Қашан біз тері мен жүнді өңдеп, оны кәдемізге жарата алатындай жағдайға жетеміз», деді депутат ішкі қынжылысын жасыра алмай.
Ауыл шаруашылығы министірінің сөзіне қарағанда, еліміздің аймақтарында жүн мен терінің көптеп жиналып қалғандығымен келісуге болады. Мұндағы мәселе терінің сапасында жатыр. Өйткені ондағы малдарды жекелеген азаматтар тұрмыстық жағдайда, аулада сояды. Малды сою кезінде оның терісіне пышақ тиеді немесе басқадай жағдай болады. Содан барып тері пайдалануға жарамай қалады. Ал ол тері сапалы қалпын сақтау үшін арнайы орындарда сою керек. «Қазір біз көпшілік арасында малдарды арнайы орындарда сою жөнінде мәселе көтеріп отырмыз. Өйткені онда қойдың немесе басқа да малдың терісі арнайы техниканың көмегімен механикаландырылған түрде сылынып алынады. Ал мұндай теріні экпорттауға да елімізде өңдеуге де болады. Жүн де бізде жетіп, артылады. Бірақ өкінішке қарай, біздегі жүннің тек 18 пайызы ғана биязы жүн. Ал қалғандары қылшықты жүн. Оған әлемде сұраныс аз. Оны бұрын тек Ресей ғана әскердегі жауынгерлеріне арнап киім тігу үшін сатып алатын. Қазір олар да алмайды. Сондықтан қылшықты жүннің берері шамалы. Ал биязы жүнді қой санын артыратын болсақ, болашақта ол бізге мол пайда әкеледі. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарынан тыс қалған мәселе емес. Оған қатысты «ҚазАгро» ұлттық холдингінің арнайы бағдарламасы да бар. Бағдарламаға сәйкес біз жақын болашақта биязы жүнді мал санын 50 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз», деді министр.
Аталмыш мәселе төңірегіндегі пікірін білдіре кеткен «ҚазАгро» ұлттық холдингінің басқарма төрағасы Асылжан Мамытбековтың айтуынша, малдан механикаландырылған түрде сылынып алынған тері бүгін бізге өте қажет. Ол тіпті Қазақстанда жетіспей отыр деуге де болады. «Мұндай теріні біз қазір-ақ сатып алуға дайынбыз. Ал жүнге келетін болсақ, 1990 жылдары бізде 63 мың тонна биязы жүн шығарылатын болса, қазір оның мөлшері 7 мыңның ар жақ-бер жағында. Яғни бұл сала 9 есеге құлдырап отыр. Оның үстіне қазір нарықта синтепон сияқты қылшықтан дайындалған материалдар қаптап кетті. Көңілге медеу болатын бір мәселе - соңғы уақытта табиғи түрде жылу беретін материалдарға деген сұраныс артып келеді. Бұрындары қалың көпшілік сән көретін соңғы үлгідегі жасанды талшықтардан дайындалған төсеніштер (ковролан) мен еденге жаятын өзге де материалдарды табиғи материалдан жасалған заттар ығыстыра бастады. Осыған байланысты біз қазір биязы және қылшықты жүнді өңдеуге байланысты арнайы жобаларды қаржыландыруды қолға алып отырмыз», деді холдинг басшысы.
Сондай-ақ ол сөзінде тері мен жүннің мәселесіне қатысты жағымды жаңалықтарын да жеткізді. Оның мәліметтерінше, қазір Тараз қаласында биязы жүнді қайта өңдеу жұмыстары қолға алынып отыр. Қуаттылығы 1 мың тоннаны құрайтын аталмыш жоба аясында сол аймақтағы биязы жүндердің барлығы сатып алынып, өңдеуге жіберіледі. «Бұл бағыттағы жұмыстар сәтімен жүзеге асса, біз оның алдағы уақытта да кеңейте беретін боламыз. Осы тектес жобаларды жүзеге асыру шаралары Ақтөбе облысында да қаралуда. Таразда сонымен қатар қылшықты жүнді өңдеу бағытында да жуық арада тиісті шаралар қолға алынады. Одан табиғи түрде жылу беретін материалдар шығарылады. Оны қабырғаны жылыту үшін пайдалануға болады. Сол сияқты қандай да бір ғимараттардың құрылысы барысында кәдеге жаратуға болады. Енді жүнді неге мемлекет сатып алмайды деген мәселеге келетін болсақ, жүн биржалық тауар емес. Оны бекерден-бекер сатып ала алмайсың. Оны тек қайтадан сата алатын мүмкіндігің болғанда ғана сатып алуға болады. Бірақ әрине бұл бағытта біз қол қусырып құр отырмыз деген ұғым тумауы тиіс. Біз оны да ойлап, шешімін таптық. Жүн мен терінің мәселесімен қазір жеке иеліктегі нысандардың айналысқандары тиімді. Сол үшін біз оларға арнайы бағдарлама дайындап отырмыз», деді А.Мамытбеков.
Министрлік өкілдерінің бұл мәселені қолға алғандары орынды әрине. Себебі жүн мен терінің осы уақытқа дейін қазақ халқының тыныс-тіршілігімен қаншалықты байланыста болғандығын сөз басында атап өттік. Осыған қарай бұл сала мүлдем назардан тыс қалып, төрт түлік малдың берекесі иен далада шашылып жата берсе, оны мемлекет пайдалана алмаса, жүн мен терімен бірге халық мәдениетінің де бір бөлшегі құрдымға кетер ме деген қауіп те жоқ емес. Қалай болған күнде де бізге бұл мәселені мықтап қолға алған жөн. Бұл бағытта тіпті тері мен жүнді пайдаланудағы ата-бабамыздан келе жатқан ескі әдістер мен тәсілдерді қазіргі заманға лайықтап пайдаланса да болатын сияқты. Ендеше депутат көтеріп отырған мәселе, сөз жоқ, орынды.
Үкімет сағатында сенаторлар тарапынан көтерілген маңызды мәселелердің бірі азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты болды. Жиында Т.Симамбаев Мемлекет басшысының отандық азық-түлік тауарларының мөлшерін 80 пайызға жеткізуге байланысты жұмыстар бойынша қандай шаралар қолға алынып отырғандығын білгісі келетіндігін айтты.
Оның пікірінше, бүгінде қазақта әлемде теңдесі жоқ тағамдар жетерлік. Сондықтан Елбасының алдыға қойып отырған мәселесі өте маңызды. Ендігі мәселе оның қаншалықты орындалатынғында. Бұған Ауыл шаруашылығы ведомствосының басшысы қысқа ғана жауап қайтарды. Яғни бізге бүгін ауыл шаруашылығы саласындағы қайта өңдеу саласын жаңғырту қажет. Қазақстан осы саладағы құрылғыларды жаңартуы керек. Бұдан әрі сөзін қазақстандық қамту мәселесіне қарай ойыстырған министр: «Енді мемлекетке арқа сүйеп отырған кәсіпорындар мен холдингтер тек отандық азық-түлікті ғана сатып алулары керек. Біз тұтынушы нарығын отандық тауармен қамтамасыз етуіміз қажет. Осы уақытта әр ел өздерінің тауарларын тықпалайтын болды. Бұл үдерістен әрине біз де тыс қалмай, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің мүдделерін қорғай білуіміз керек. Бұл шаралар бізге отандық қамтудың үлесін арттыруға жол ашады», деді А.Күрішбаев.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде еліміздегі кәсіпорындардың техникалық және технологиялық қамтамасыз етілу мәселелеріне көңіл бөлу маңызды. Өйткені бәсекеге қабілеттілік өнімнің өзіндік бағасының төмендігіне байланысты. Ал кәсіпорындар заманға сай құралдармен жабдықталса, ойлаған мақсатқа оп-оңай қол жеткізуге болады. «Тағы бір айта кетер мәселе, бізге Кеден одағына мүше ел ретінде өзіміздің артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Біздің тауарларымыз таза әрі табиғи. Сауда нарығында бізге осы мәселеге ерекше көңіл бөлу керек», деді ауыл шаруашылығы ведомствосының басшысы. Министр сенаторлармен кездесуі барысында аталғандармен қоса қазіргі таңда көпшілік арасында кеңінен тараған Қытайға жерді жалға беру мәселесін де біржола түйіндеді. Сенатор депутат Ғарифолла Есімнің жерді жалға беру мәселесіне қатысты сауалына нақты жауап қатқан министр: «Қазақстан заңдары бойынша жерді қосалқы жалға беруге тыйым салынған. Сондықтан оны ешкім де жалға бере алмайды. Біз Қытаймен келіссөздер жүргізу барысында оларға нақты түсіндірдік. Қазақстан Қытаймен тек сояны сату мәселесін ғана қарай алады. Біз осы бағытқа қаржы бөлу жағын да қарастыруымыз мүмкін. Бірақ жермен байланысты ешқандай да мәселе талқыланбайды. Біз жалға беру мәселесін де қарамаймыз», деп түйді сөзін А.Күрішбаев.