Қой ұрлады деген күдікпен Армения азаматы тұтқындалды

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында қой ұрлады деген күдікпен Арменияның 25 жастағы азаматы құрықталды, деп хабарлады СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.

Қой ұрлады деген күдікпен Армения азаматы тұтқындалды

Жазғы демалысқа немере ағасына Жамбыл ауданындағы Пресновка селосына қонаққа келген ол, Қазақстаннан кете алмайды. Оны және оның осы ауылдағы екі туысын қой ұрлады деген күдікпен аудандық полиция қызметкерлері тұтқындады. Учаскелік полиция инпекторы Олег Тарасов және аға жедел уәкілі Сапар Әубәкіровтың ұрлық фактісі бойынша жүргізген жедел іздестіру шарлары арқасында бір тәулікке жеткізбей Жамбыл ауданының тұрғындарының жайылымнан ұрланған қойлары иелеріне қайтарылды. Ұрлықты жасаған сезіктілер Жамбыл ауданының Пресновка және Светлое селосының тұрғындары болып шықты. Сонымен қатар ұрлыққа немере ағасына Армениядан қонаққа келген жігіттің де қатыстығы анықталды. Қазіргі кезде олардың үшеуі де аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Марат Қазжановтың айтуынша, жайылымнан ұрланған 4 қой күдіктілердің біреуінің қорасынан табылды. Тергеу барысында анықталғандай, олар қойларды Макарьевка селосының маңынан ұрлаған екен. Ол кезде үйір қой қараусыз қалып, қойшы түскі асқа үйіне кетіп қалған екен. Ұрылар қойларды «Жигули» автокөлігіне артып, Светлое селосына әкелген. Кейін УАЗ автокөлігімен аудан орталығына жеткізді. Ұсталғандардың айтуынша, олар қойларды кәуапқа жібермекші болған. Бірақ тәртіп сақшылары күдіктілердін жоспарын іске асыруға мүмкіндік бермеді. Бүгінгі күні ұрланған жануарлар иелеріне қайтарылды. Ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.