Қой жылы әлем жоғалтқан тұлғалар

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы сингапурлық «экономикалық кереметтің атасы» Ли Куан Ю, ресейлік саясаткерлер Борис Немцов, Евгений Примаков, режиссер Эльдар Рязанов және басқа әлемге белгілі тұлғалар дүниеден өтті.
None
None

Абдалла ибн Абдул-Азиз аль-Сауд (1.08.1924 - 23.01.2015), Сауд Арабиясының королі.

Сауд Арабиясының билеушісі 90 жастағы Абдалла ибн Абдул-Азиз әл-Сауд елді он жыл басқарды (және инсульт алған король Фахдының орнын тағы он жыл басып, іс жүзінде ел билеушісі болды). Абдалла АҚШ-пен жақсы қарым-қатынастарды сақтай отырып, Ресей және Қытай сияқты іргелі елдермен байланыстарды жандандырды. 2011 жылы аймақтағы төңкерістер мен толқулар өршіп тұрған кезде де өзін шексіз билік иесі ретінде таныта алды. Сондай-ақ ол экстремизммен күреске назар аударған, сауд студенттерін шетелдерге жіберген король ретінде белгілі. Оның басшылығы кезінде әйелдердің құқықтық жағдайы жақсарды - олар сайлау құқығына ие болды, үй жағдайындағы зомбылық қылмыстық іс саналды, ал Нора әл-Файез білім министрі қызметіне ие болған үкіметтегі тұңғыш сауд әйелі.

Демис Руссос (15.06.1946 - 25.01.2015), әнші.

Денис Руссос 1960 жылдары озық рок стиліндегі Aphrodite's Child тобының әншісі ретінде музыкадағы алғашқы қадамдарын бастады. Дегенмен, музыкант 1970-жылдардың ортасында жеке дауыста ән салу арқылы шын мәнінде танымалдылыққа ие болды. Музыканы сүйетіндер әншінің шығармашылығымен From Souvenirs to Souvenirs әні арқылы танысты. Бұл ән Руссостың басты хитына айналды. Руссос Афиныда 25 қаңтарда 68 жасында көз жұмды.

Борис Немцов (9.10.1959 - 27.02.2015), саясаткер.

Борис Немцов 1990-шы жылдары Ельциннің ықтимал мұрагері және ең жас губернатор болды. 2000-жылдары саяси оппозиция көшбасшыларының бірі Борис Немцов Ресейдің жаңа тарихындағы аты-шулы кісі өлімінің құрбандығына айналды. Оны өлтірген күдіктілер бірден ұсталды, кейіннен тапсырыс беруші де қолға түсті. Алайда, саясаткердің отбасы «нағыз қылмыскерлер әлі анықталған жоқ» дейді. Немцов қаза болғаннан кейін Кремль қабырғалары жанында оны еске алу үшін жиналған ондаған мың адам шеру өткізді.

Ли Куан Ю (16.09.1923 - 23.03.2015), Сингапурдың бұрынғы көшбасшысы, сингапурлық «экономикалық кереметті» жасаушы.

Ли Куан Ю билік басында 55 жыл (1965 жылдан) болып, Сингапурдың «экономикалық кереметі» авторларының бірі ретінде танылды. Ол дамыған мемлекеттік биліктің авторитарлық стилін жақтаушылар үшін өзіндік табынар тұлғасы болды. Ли - Сингапур тәуелсіздігінің бастауында тұрған тұлға. Ол ел тізгінін ұстаған соң сингапурлықтардың әл-ауқатын бұрынғысынан 30 есе жоғарылатты. Осындай экономикалық өсім Сингапурге өңірдегі «Азия жолбарыстары» деп аталатын озық мемлекеттер қатарына кіруіне мүмкіндік берді.

Гюнтер Грасс (16.10.1927 - 13.04.2015), неміс жазушысы, әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты.

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы неміс әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі. Гюнтер Грасс өзінің ең танымал шығармаларында оқиғаларды өзінің туған қаласы Данцигтің (қазіргі Гданьск) өмірінен алды. «Темір барабан» және «Итшілеген жылдар» романдарындағы оқиғалар осында өткен. Грасс баяндаған уақыт Германия үшін ғана емес, бүкіл әлемге бетбұрыс кезеңі болды. Билікке ұлтшылдар келгеннен кейін ел танымастай өзгерді. Германия тарихының бұл парақтары Грасстың да жеке өмірінің бір бөлшегі іспеттес еді.

Майя Плисецкая (20.11.1925 - 2.05.2015), биші.

Кеңестік және әлемдік балет өнерінің көрнекті өкілі, көптеген атақтар мен марапаттардың иегері Майя Плисецкая 90 жасқа толуына алты ай ғана қалғанда өмірден озды. Оның бүкіл өмірі Үлкен театр тарихымен байланысты. Ол балет тобына 18 жасында келіп, 47 жылдан кейін, 1990 жылы кетті. Ол ойнаған «Аққу көліндегі» Одетта және Одиллия, «Ұйқыдағы арудағы» Аврора, «Кармен-сиютадағы» Кармен және басқалары Плисецкая сомдаған қайталанбас образдар болатын. «Ұлы биші, ұлы әйел, бірегей даралық. Мұны Ресейде ғана емес, бүкіл әлемде мойындады: Майя Плисецкая - ХХ ғасырдағы орыс балетінің символы», - деді Үлкен театрдың бас директоры Владимир Урин.

Би Би Кинг (16.09.1925 - 14.05.2015), блюз музыканты.

«Блюз королі» атанған гитарист Би Би Кинг (шын есімі - Райли Би Кинг) 90 жасқа қараған шағында дүниеден өткен. Ол өзінің өнердегі жолын 1940 жылдардың соңында, сол кездегі американ музыка мәдениетінің орталығы саналатын Мемфисте бастады. Сондай-ақ ол 50-ден астам альбомын шығарды, 15 рет беделді «Грэмми» сыйлығының марапатына ие болды. 1960-1970 жылдардағы рок-орындаушылар оның стиліне еліктеді.

Джон Нэш (13.06.1928 - 23.05.2015), математик, экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты.

Американдық математик, экономика саласында да, математика саласында да жоғары марапаттарға ие болған алғашқы ғалым (Нобель және Абель сыйлықтары). Джон Нэш бүкіл әлемге өзінің ғылыми қызметтерімен ғана емес, өмірімен де танымал болды. Ол Адам Смиттің бәсекелестіктің классикалық тұжырымдамасын қайта қарады. Нэш және оның әйелі Алисия автокөлік апатында қазаға ұшырады.

Жанна Фриске (8.07.1974 - 15.06.2015), әнші.

Жанна Фриске 1990 жылдары ресейлік ең танымал музыкалық ұжымдардың бірі - «Блестящие» тобының әншісі ретінде танылды. 2000-жылдары киноға түсті. Соңғы уақытта ол ауыр сырқатқа (бас миі ісігіне) шалдықты. Әншінің айықпас сырқатқа ұшырауына байланысты оны емдету үшін Ресейдің «Бірінші арнасы» қайырымдылық телемарафонын өткізді (алғашқы тәуліктердің өзінде 50 млн рубльден астам қаржы жиналған). Әнші соңғы үш ай өмірін ес-түссіз жағдайда өткізді. Онымен қоштасуға мыңдаған адамдар қатысты.

Евгений Примаков (29.10.1929 - 26.06.2015), Ресейдің бұрынғы сыртқы істер министрі, экс-премьер-министрі

Евгений Примаков 1990 жылдардың басында Михаил Горбачевтің маңынан табылып, Борис Ельцин билігі кезінде де саяси мансап баспалдағымен көтерілді. Халықаралық сарапшы-ғалым. Өзінің еңбек жолын шығыстанушы-араб тілінің білгірі болып бастаған ол қайта құру жылдарында КСРО Президенттік кеңесінің мүшесі болды. 1990-жылдан кейін де шетте қалмады. 1991 жылы сыртқы барлауды басқарды, 1996 жылы Сыртқы істер министрі, бұдан кейін сегіз ай бойы Үкімет басшысы болды.

Жюль Бьянки (3.08.1989 - 17.07.2015), «Формулы-1» шабандозы.

Ресейлік-британдық Marussia командасының шабандозы Жюль Бьянки Жапонияда 2014 жылы 5 қазанда Гран-придің 44-ші айналымында апатқа ұшырады. Бұл сынақ спортшы үшін қатерлі болды. Шабандоз тоғыз ай бойы ес-түссіз жатып, 2015 жылғы 17 шілдеде көз жұмды. Ол «Формула-1» жарысындағы қазаға ұшыраған 21-ші спортшы.

Лев Дуров (23.12.1931 - 20.08.2015), театр және кино актері, театр режиссері.

1950-жылдары өнердегі алғашқы қадамын бастаған Лев Дуров 200-ден астам фильмде ойнады. Ол фильмдердің көбінде басты рөлдерді сомдаған жоқ, алайда, оның кейіпкерлерін екінші қатардағылар деп айтуға келмейтін. Ол өзінің «кішкентай адамдар» рөлін тамаша шеберлікпен сомдады. 1960-жылдардан бастап Кіші Бронная театрында өз спектакльдерін сахналады.

Эльдар Рязанов (18.11.1927 - 30.11.2015), режиссер.

Эльдар Рязанов нағыз халықтық режиссер еді, ол 89 жасында дүниеден өтті. Оның «Карнавал түні», «Автомобильден сақтан», «Қызметтік роман», «Тағдыр тәлкегі, немесе жеңіл буыңызбен», «Гараж» фильмдері барлық көрерменнің ықыласына бөленді.

Соңғы жаңалықтар