Көз тию психологиялық құбылыс па? - Баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 19 маусым, бейсенбі күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Көз тию психологиялық құбылыс па? - Баспасөзге шолу

***

Елімізде бекіре тұқымдас бағалы балықтарды аулауға тыйым салынғалы қашан. Алайда, тыйымды тәртіп деп тартынбаған талайлар тайлы-таяғы қалмай әлі де бағалы су маржанына, оның өнімдеріне суық қолын сұғуда, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Қайран қара уылдырық-ай...» атты мақаласында.

Басылымның атап өтуінше, бұған кездейсоқ атыраулық бір тұрғынның көлігінен 10 кило қара уылдырықтың табылуы дәлел бола алады. Бұл ақпаратты алған құқық қорғау органдар өкілдері әлгі «Нива» автокөлігін тоқтатып, жүк салғышынан 20 пластикалық құтыға салынған бағалы бекіре балығының уылдырығын тапты. Білетіндердің айтуынша, 10 кило қара уылдырықтың қара базардағы бағасы 1 миллион теңгеден асады екен. Ал таяуда ғана аяқталған «Бекіре-2014» балық қорын қорғау шарасында заңсыз балық қорына қол сұғушылардан 27 тонна бағалы балық түрлері мен 18 кило қара уылдырық тәркіленген көрінеді.

«Сонда, әлгі жоғарыда айтылғандай, бағалы балыққа салынған тыйым қайда қалған, егер тонналаған бағалы балық түрлері қолды болып жатса...» - дейді басылым.

Қазақ білімі мен ғылымының киелі ордасы - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шаңырақ көтергеніне биыл 80 жыл толды.Сонымен бірге қоғамдық санаға ақпарат тарату арқылы қозғау салу өнеріне үйрететін, яғни журналистік мамандыққа машықтандыратын факультеттің де қазақ топырағында іргетасы қаланғанына 80 жыл болды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жазып отыр.

Басылымының атап өтуінше, қос мерейлі тойға арналған «Ұлт сөзгерлері ұшқан ұя» атты кітапта осы жылдарда журналистика факультетінде білім алған барлық түлек тізімі түзілді. Егер арасында бірлі-жарым адамның аты кірмей қалмаса, мүмкіндігінше толық қамтылған бұл тізбе бойынша факультетте кешегі 2013 жылға дейін 9952 шәкірт тәрбиеленіпті. Осы түлектер арасынан ұлт руханиятына, мемлекетіміздің мүддесіне ерекше еңбек сіңірген, журналистика саласында ізі бар, аты ұрпақ жадында жаңғырған тұлғалардың фотобейнесін, өмірбаянын, ол туралы естеліктер, факультет өміріндегі студент пен студент немесе студент пен ұстаз арасындағы қызықты да тағылымды сәттер, сонымен қатар, тарихи құжаттар мен фотоайғақтар да берілді.

Мақала «80 жылда бір факультеттен 9952 шәкірт білім алып шыққан» деген тақырыппен беріліп отыр.

***

Қазақстандағы тұңғыш «Жемқорлыққа қарсы» ұтқыр топ Қарағанды облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалының бастамасымен құрылды.

Топтың басты мақсаты - аймақтағы аудандар мен қалаларға мемлекеттік органдардағы құқықбұзушылықты төмендетуге қатысты облыстық партия филиалының атқарып жатқан жұмыстарын насихаттау, халыққа және үкіметтік емес ұйымдарға жемқорлықтың алдын алатын заңдарды түсіндіру. Бұл туралы «Айқын» газеті «Ерекше екі бастама» атты мақалада жазады.

Басылымның атап өтуінше, насихаттық топ алғашқы сапарын Теміртау қаласынан бас­тады. Облыстық партия фи­лиалы төрағасының бірінші орынбасары Хадиша Оспанова, партия фи­лиалы жанындағы Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қоғамдық ке­ңестің төрағасы Талғат Өтеу­баев, сол кеңестің мүшесі, Қара­ғанды Техникалық университе­тінің ректоры Арыстан Ғазалиев, құқық қорғау органдарының басшылары, жергілікті билік пен кәсіпкерлер қатысқан кездесу Теміртау қаласындағы по­ли­техникалық колледжде өтті.

Ақпараттық-насихаттық топты ашуға мұрындық болған ҚарМТУ ректоры Арыстан Ға­залиев: «2008 жылдан бастап уни­верситетімізде жемқорлық әре­кеттердің жолын кесуге бағыт­талған қоғамдық-тәртіптік комиссия жұмыс жасайды. Білім саласындағы келеңсіздіктерді талқылайтын комиссияны техни­ка ғылымдарының докторы, Қарағанды, Шахтинск, Саран қалаларының құрметті азаматы Николай Дрижд басқарады. 2008 жылдан бері қарай, студенттер мен оқытушыларға қатысты 36 тәртіптік іс қаралды. Жемқорлық фактілері дәлелденген 7 қыз­меткермен еңбек келісімшарты бұзылып, алты студент оқудан шығарылды», - деді.

Мемлекеттік басқару ісіндегі жемқорлық - лауазымды тұл­ғалардың қызметін асыра пай­даланудан, халыққа қызмет көрсету сапасының төмендеп кетуінен көрініс тапты. Пара­қорлықпен күресуге бағытталған партияның тағы бір жобасы - «Электронды партия». Бұл жо­баның көмегімен азаматтар үйлерінен шықпай-ақ өздерін толғандырған мәселелерге жауап алады. Электронды режимде өтініш жолдап, оның орын­да­луын бақылай алады, пар­тияның қоғамдық қабылдауына жа­зы­лады. Хадиша Оспанованың ай­туынша, «Электронды партия» мен «STOPҚылмыс» - «СТОП­пра­­во­нарушениям» атты екі жо­баның нәтижесі бойынша партия заң­на­маларға өзгертулер ұсынбақ. «Заңнамаларда кемшіліктер бай­қалған жағдайда партия алынған мәліметтер мен сараптамаға сәй­кес, қажет болған жағдайда үкі­мет­ке жемқорлықпен күрес тура­лы заңнамаларды жетілдіру мақсатында ұсыныспен шығады» деді Х.Оспанова.

Әжелеріміздің молдаға оқытылған дұғаны тұмар түрінде немесе алуан түрлі жылтырақ заттарды нәрестенің бесігіне, киіміне тағып қоятынын жас кезімізде жиі байқайтынбыз. Тіпті кейбір қыз-келіншектердің де жемпірінің немесе костюмінің кеуде тұсына тағылған алтын немесе күміс түйреуішті (брошка) жиі көріп қаламыз. Басқаны былай қойғанда, қайсыбір атбегілердің талай бәйгеде топ жарып, бас бәйгені бермей жүрген тұлпарларын бөгде көзден тасада ұстап, баптайтын әдеті әлі күнге жалғасын табуда. Бұл неліктен? Бұл - сәбиді немесе желмен жарысқан хас жүйрікті көлденең көк аттының көзінен қорғау. Сонда, көз тию дегеніміз не? Оның белгілері қандай? Бұл психологиялық құбылыс па, жоқ әлде, адамдар ойлап тапқан наным-сенім бе? Әдетте, адам көз тигенді қалай байқайды және одан құтылудың жолдары бар ма? Міне, бүгін біз сонау заманнан бүгінге жеткен көз тию туралы әңгіме қозғағанды жөн көрдік, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы « Көз тию психологиялық құбылыс па?» деген мақалада жазып отыр.

Басылымның атап өтуінше, кейбір психолог-зерттеушілер көздің тиюін көп жағдайда көздің жаман сәулесі, яғни қандайда бір адамның қызғанышынан пайда болатын құбылыс ретінде баға­лайды. Тіпті халық арасында ай­рық­ша беделге ие емшілер мен экстрасенстер де көз тиюдің құпия­сы мен себеп-салдарын осылай болжауда. Сонда көз тиюді емдеудің жолдары бар ма? Оны қалай ем­деуге болады дейтін мәселеге келсек, мұның да мүмкіндіктері бар көрінеді. Ежелден ырымшыл ата-бабаларымыз сонау замандардың өзінде көз тиюден емдеудің алуан түрлі жолдарын меңгеріп, әсіресе, сәбилерді көз тиюден қорғай біл­ген. Мысалы, көзі тиген адамның ұлтарағын білдіртпей ұрлап алып, «көз арқылы келген бәле-жала осы ұлтарақпен бірге кетсін» деген ниетпен емшіге немесе бақсыға дұға оқытып, әлгі ұлтарақты өртеп жіберіп отырған. Ал Ирландияда әлдекімнің көзі тие қалған жағдайда әлгі адамның көзінше еденге былш еткізіп түкіріп тастап, жүре береді екен. Тағы бір мысал, цирк аре­насында арыстан, жолбарыс, аю тәрізді небір жыртқыш аңдардың тілін еркін меңгерген жаттық­тыру­шылар көп жағдайда жыртқыш аңдарға өзінің көзін қадау арқылы оларды дегеніне көндіретін болған. Әрине, дәл мұндай қабілеттің кез келген адамда болуы екіталай. Мұсылмандар көпшілігінде сәбиге, адамға көз тиген кезде оны үшкіріп ұшықтайтын болған. Сөйтіп, адам­ның бойына көз арқылы енген сырқатты жедел қайтарып отырған. Бабаларымыздан қалған тағы бір емдеу тәсілі, ол - көзі тиген адамға сәбиге түкіртіп алу. Қазекем әлде­біреу таңданып, таңдай қаққан жағдайда, «тіл-көзім тасқа де» деп сұғы бар адамға қатаң түрде ескерту де жасай білген. Тіл демекші, кейде біреулер «мына жылқың керемет екен, тұлпардың тұяғы ғой» деп айтып, әлдекімнің бәйге атына сұқ­танғанда, көп кешікпей әлгі жа­нуар­дың аяғы көктен келген оқи­ғалар да болған. Қорыта айтқанда, адам баласының басқа дене мүше­леріне қарағанда, қос жанары, яғни көздері ғана оның ішкі сезімі мен санасынан нақты хабар бере алатын күшке ие. Сондықтан да көз - адам­ның бойындағы орасан зор ма­гиялық күш. Қалай десек те, көз тиюден қорғана білейік!

Абай Құнанбаевтың ұрпағы орыс тілінен халықаралық олимпиадада жеңіске жетті, деп жазады «Время» газеті «Заветам прадеда верна» атты мақаласында.

Басылымның жазуынша, 15 жасар Дана Ақылбаева Алматыдағы Панфилов атындағы №54 қазақ-орыс мектеп-гимназиясының 10 сыныбында оқиды. Ол Мәскеу қаласында өткен XIII Халықаралық орыс тілі олимпиадасында жеңіске жетіп, Ресейдің кез келген Жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік алған.