«Көз жанары - рентген» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 28 қаңтар, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында сан түрлі дертті емдейтін халық емшісі Динара Орынтайқызы туралы жазады. «1990 жыл. Кеңес Одағы сынды алып держава теңселіп тұрған кезең. Тірліктің мәні қашқан сол тоқсаныншы жылдардың басында медицинадан да береке кете бастаған. Тұрымтай тұсымен болып кеткен сол жылдары дүйім жұртты елең еткізіп, Саудакент ауылынан емші қыз шықты. Аңызға бергісіз әңгімелер ел арасында желдей есті. «Не дейсің, Саудакенттен көзі «рентген» қыз шығыпты, ауруыңның белгісін бетіңе қарап-ақ айтып береді екен. Көріпкелдігі де сұмдық дейді. Тіпті, алдына келген науқастың қандай пенде екенін жазбай біледі...».Осындай әңгімелер аудан асты, одан әрі облысқа жетіп, кең-байтақ қазақ елін шарлап кетті. Сол жылы Қазақстанның түкпір-түкпірінен жанына дауа іздеп келген адамдардан қара жер қайысып кеткендей болғанын өзіміз де көрдік. Қандай заман болсын, қазаны оттан түспеген киелі мекеннің тұрғындары жанына шипа іздеп келген жандарға емші үйінен орын тимей жатса, өз шаңырақтарының төрінен орын беріп, қонақ етіп күтіп жіберетін... « Бұл ашылмаған құпия. Осы ғұмырымда көзінде рентген бар жанды кездестіргенім жоқ. В. Илюшин деген атақты дәрігер-ғалым оң көзімде рентген сәулесі бар екенін анықтаған. Басқа ғылымдар мұндай құбылыстың бұрын да кездескенін айтқанымен, менің жанарымдағы сәуленің құпиясын аша алар емес. Дүниеге келгеннен бір көзім қисық болды. 18 жасымда көзіме ота жасаттым. Ота жасаған дәрігер Овсянникова: «Динара, көзіңді түзедік. Алайда, көз түбінде кішкентай лампа сияқты бірдеңе тұр. Не екенін білмеген соң, тиіспедік», - деді. Алдыма келген науқастың іш құрылысын көре аламын. Құрсағына бала біткен келіншектердің іштегі шаранасы ұл ма, қыз ба - бірден айтып беремін. Әрине, оны жүктіліктің белгілі бір мезгілінен соң, медициналық «УЗИ» аппараты да анықтай алады. Телеэкрандағы адамдардың да ішкі құрылысын көремін. Елге белгілі, қадірлі азаматтардың ауруын сезсем, орнымнан тұрып кететінім бар. Барлық уақытта да көре аламын деп айтуға болмайды. Бұлтты, жаңбырлы күндері және түн ауған соң, дәлірек айтқанда, сағат түнгі 24-тен Шолпан жұлдызы шыққанша көру мүмкіндігім шектеледі. Осындай құбылыстан шығар көзім ауырады, сосын көзілдірік тағатыным, - деді Динара Орынтайқызы газетке берген сұхбатында. Қазақстан Республикасының Халық және рухани емшілері мекемесінің толық мүшесі Динара Орынтайқызының тіпті 14 жастағы қыздың қатерлі ісігін емдеген тылсым күші туралы толығырақ «Көз жанары - рентген» атты мақаладан оқи аласыздар.
Сондай-ақ басылым бүгін Өскемен қаласындағы зообақта өмір сүріп жатқан америкалық тау арыстаны туралы жазады. «Өскемендегі хайуанаттар бағының аң-құстары қытымыр қыстың суығына әзір тоңа қойған жоқ. Мұны жыртқыштардың түр-тұлғасынан, сергек жүрісі мен күңгірт күннің өзінде жылтылдап тұратын терісінің түгінен байқауға болады, дейді мамандар. Хайуанаттар бағында бұлан, сілеусін, қабан, таутеке, америкалық тау арыстаны (пума) сияқты сирек кездесетін тау мен дала тағыларына жақсы жағдай жасалған. Ал өткір көздері жап-жасыл болып жанатын пума қызыл етке құмар-ақ. Өте жыртқыш болғандықтан, бақ қызметкерлері оны қоректендірген кезде сақтықпен қимылдайды. 2,5 жасқа толған тау арыстанына ұрғашы жұп іздестіріліп жатыр екен. Тау арыстаны Өскеменнің зообағына қайдан келгенін білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстандағы» «Пума» атты ақпаратты оқыңыздар.
Ал, tліміздегі бірегей Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жыл санап Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Еуропа елдерімен қатар, АҚШ сынды шет мемлекеттерден келушілер саны артып келеді. Келген қонақтарға сапалы қызмет көрсету, ел тарихынан сыр шертетін құндылықтарымызды өз деңгейінде дәріптеп көрсету кезек күттірмейтін мәселе. Осыған орай, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Құжыра бөлмесінен шағын кинозал ашқан екен. Бұл туралы да «Егемен Қазақстан» газеті хабарлап отыр. Мұнда қорық-мұражайдың түсірген «Түркістан әфсанасы», «Түркістандағы хан көтеру», «Есіктер», «Шырағдандар» сынды деректі фильмдер көрсетіледі екен. Толығырақ басылым бетіндегі «Мұражайда - киножай» деген ақпаратты оқыңыздар.
***
Ал «Айқын» республикалық газеті бүгінгі санында Халқы әртісі Сәбит Оразбаевтың сұхбатын жариялап отыр.
«Жапырағы қуарған ескі үмітпен, Қиял қып өмір сүріп, бос жүріппін. Жыбыр қағып, көңілді тыншытпайды, Қашанғы өтіп кеткен бұлдыр көп күн, - деп Абай бабамыз айтқандай, сексенге қалай келіп қалғанымды өзім де білмей қалыппын. Аталарымыз: «Кәрілік - Құдайдың берген сыйы» деп айтқан екен. Расында, сан алуан адамзаттың жете алмаған шыңы ғой бұл кәрілік. Сексеннен кейін адамда қаусау басталады. Оған дейін кішкене оң жақ, сол жағыңды бағдарлайды екенсің. Хабиба апам биыл жүзге келді. Әлі де тілі сайрап отыр. «Мені тек тоқтатпаңдар. Тоқтатсаңдар, ұмытып қаламын» дейді. Хабиба апамның жасына келгенде, солай отырсақ, арман не? Өткен күндердің елесі адамның жадынан ұмытылмақ емес екен. Сона-а-ау, 1959 жылы консерваторияның жанындағы театр бөлімін бітіргеніміз күні кеше ғана сияқты еді...» деген сұхбатта қазақ киносының тарихын еске алған актер. Сәбит Оразбаевтың өмір мен театрда жиған өзге де мазмұнды ойларын «Айқын» газетінде жарық көрген «Театрда жүрмін... Тазамын...» атты сұхбаттан оқи аласыздар.
Сондай-ақ, «Айқынның» хабарлауынша, Қазақстан алапат ауқым алған киік мүйізінің контрабандасымен күресте Қытаймен ынтымақтасатын болады. Мұның сыртында браконьерлерге қатысты жазаны күшейту ұсынылып отыр.
Бұл жайында киіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік органдардың ортақ ұстанымын түзуге арналған республикалық кеңесте мәлімделді. Кеңесте Ішкі істер министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігіне құнды мүйізі үшін ақбөкендерді қыратын залымдардың жазасын қатайту бағытында қылмыстық заңнамаға түзетулер әзірлеп, Парламентке енгізу туралы ұсыным берді. Мысалы, киік қуған аңшылардың бар қаруын ғана емес, көліктерін де тәркілеу ұсынылады. Бұл туралы толығырақ «Киік киелі еді ғой» атты мақаладан оқыңыздар.
***
«Казахстанская правда» газеті Ақмола облысында ұрыны қолға түсірген құқық қорғаушылар туралы жазады. «Ер адам дүкенде адамның өте көп екенін пайдаланып, сатушының кассасынан 170 мың теңге ұрлап кеткен. Зардап шегуші бірден полицияға хабарласқан. Жедел іздестіру шараларының барысында облыстық полиция 25 жастағы Көкшетау тұрғынын қолға түсірді» деп жазады басылым. Бұл туралы «Воспользовался толчеей» деген тақырыптағы ақпараттан оқыңыздар.