Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне төніп тұрған қауіп сейілді ме
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Соңғы жылдары Түркістан қаласындағы 600 жылдан астам тарихы бар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірқатар бөлмелеріндегі құздану, ылғалдану процесінің жылдам жүруі көпшілікті алаңдатып қойды.
Бұл мәселе үш жылдан бері әлсін-әлсін көтеріліп жүр. 2023 жылы «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей қорығының директоры Мәулен Садықбеков кесенеге қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қаққан еді.

Кейіннен қаланың сол кездегі әкімі Нұрлан Тұрашбеков Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайын арнайы комиссия анықтайтынын мәлімдеді.


Ғылыми-зерттеу жұмысына 317 млн теңге бөлінді.
Содан бергі 2-3 жылда не істелді? Осы сауалды Kazinform тілшісі Мәдениет және ақпарат министрлігіне ресми жолдаған болатын.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің нақты жай-күйін анықтау мақсатында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынды. Үш жылға жоспарланған жан-жақты зерттеу жұмыстары 2023 жылы басталған. Осы жұмысты үйлестіруші — министрлікке қарасты «Қазқайтажаңарту» мекемесі. Жоспарға сәйкес, кесене қабырғаларындағы тұздану, құздану себептерін, көгалдандыру, абаттандыру жұмысының кесенеге зардабы бар-жоғын, т. б. анықтау үшін бірнеше ғылыми-зерттеу институты тарапынан зерттеу жұмысы жүргізіліп жатыр, — делінген ведомство жауабында.

Министрліктің мәліметінше, жыл сайын ескерткіштің жай-күйіне қажетті жағдайларда ғылыми-реставрация жұмыстары арқылы демеу көрсетіледі.

Ескерткішті нығайтуға бағытталған соңғы ірі жұмыстар 1993-2000 жылдары Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитет пен Түркия Мәдениет министрлігі арасындағы мәдени ынтымақтастық туралы халықаралық келісім шеңберінде жүргізілген.

2000 жылдан бүгінге дейін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары «Қазқайтажаңарту» мекемесі тарапынан кезең-кезеңімен атқарылып келеді.


Кесене порталындағы гранит плиткалар алмастырылды
«Қазқайтажаңарту» РМК бас директоры Олжас Шарияздановтың сөзінше, биыл инженерлік-реставрациялық жұмыстың нәтижесінде кесене аумағындағы ылғал қаупі төмендеген.
2021-2022 жылдары қала әкімдігі кесене аумағына абаттандыру жұмысын жүргізіп, суару жүйесін орнатқан.
Биыл ғимарат маңындағы суармалы көгалдар алынып, құрғақ қиыршық тас төселген.

— «Қазқайтажаңарту» мекемесі жергілікті әкімдікке ғылыми зерттеу және зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша топырақтың шамадан тыс ылғалдануын азайту және көгалдандыру жұмысын оңтайландыруға ұсыныс берген. Қала әкімдігі оң шешім қабылдап, тиісті жұмысты атқарды. Сондай-ақ, кесенеге 200 метрге дейінгі қашықтықта абаттандыру және суару жұмыстарын жүргізбеу тәртібі қолданысқа енді. Бұл — құрғақ әрі қолайлы климатты қалыптастыратын ландшафты сақтаудың маңызды тетігі, — деді мекеме басшысы бізге ұсынған ақпаратында.

Жөндеу жұмыстары аясында кесененің кіреберіс порталындағы гранит плиткалар ауыстырылған.
227 шаршы метр аумаққа мекеменің өндірістік цехында арнайы әзірленген тақта кірпіштер төселген.
— Ғылыми зерттеу және зерделеу жұмысының қорытындысы бойынша, бұрын төселген гранит плиткалар жаңбыр және қар суының топырақ қабатындағы ылғалдың табиғи түрде кебуіне тосқауыл болған. Соның салдарынан кесененің сыртқы және ішкі қабырғалары ылғалданып, тұздану пайда болған. Осыған байланысты тарихи ғимараттың сәулеттік келбетін бұзбайтын, ылғалдың табиғи таралуына және ауаның еркін алмасуына қолайлы кірпіштер әзірленіп төселді. Сонымен қатар, қабырғаларда жиналған тұздар қауіпсіз әдіспен жуылып, тазартылды, — деп атап өтті ведомстводан.

Консервацияланған күмбез тарихи келбетін сақтап қала ма
Сондай-ақ кесененің күмбезіндегі шытынаған глазурь бөліктері консервацияланды. Қорғаныш-декоративті жабынды лабораториялық сынақтар жүргізу арқылы таңдап алынған.
Зерттеу нәтижесінде ультракүлгін сәулеге төзімді, жауын-шашынға және түрлі климаттық температура өзгерістеріне шыдамдылығы жоғары, адгезиясы мықты, күмбез түсіне лайық финляндиялық материал қолданылды.
Бұл қоспа глазурдың бүлінген жерлеріне су өткізбей, күмбездің тарихи келбетін сақтауға мүмкіндік беріп отыр.
Мекеме мамандарының ғылыми тәсілге негізделген жүйелі және кәсіби жұмысы консервация беріктігін күшейтіп, күмбездің келбетін арттырған.

Климаттық жағдайды бақылайтын автоматтандырылған жүйе іске қосылған
Бүгінде Ясауи кесенесінде климаттық өзгерістерді қадағалайтын заманауи автоматтандырылған мониторинг жүйесі үздіксіз жұмыс істеп тұр.
2023 жылы «Қазқайтажаңғырту» мекемесі кесенеге 106 арнайы құрылғы орнатып, локалды метеостанция мен жер сейсмикалық бақылау жүйесі бар мониторинг орталығын ашқан.

— Жүйе арқылы кесенеде ауаның және қабырғаның ылғалдылығы, температура, ауа қозғалысының жылдамдығы мен бағыты, жылы ауаның тығыздығы, шудың деңгейі, ғимараттың тепе-теңдігі, жерасты суларының деңгейі үздіксіз бақыланады. Жүйе шық түсу нүктесін дәл анықтай алады. Барлық деректер әр 2–10 минут сайын және 2 сағат сайын орталық компьютеріне тіркеліп отырады. Қазір мамандар 3 жылдық деректерді сараптап жатыр. Бұл деректерге сүйене отырып, кесененің қолайлы климаттық жағдайын жедел басқару және қажетті іс-шараларды уақтында орындау жүйесін құруды жоспарлап отырмыз. Жалпы «Қазқайтаржаңарту» мекемесі кесене аумағындағы ылғалдануды жою және ылғал қаупінің алдын алу шараларын жалғастыра береді. Бұл — тарихи ескерткішті ұзақмерзімді сақтауға бағытталған ғылыми-инженерлік шешім, — деді мекеме басшысы.

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде кесенеге іргелес тұрған «Керуен сарай» кешені маңында аквапарк, бассейн салынады деген ақпарат тарады.
Осыған қатысты Түркістан қаласы әкімдігіне сауал жолдаған едік.
— Кесенеде жүргізілетін сақтау, қорғау, ғылыми-зерттеу, қалпына келтіру жұмыстарының бәрі де Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей қолдауымен, қаржыландыруымен жүзеге асады. Сондай-ақ кесененің сақталу жағдайы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының да бақылауында. Ал, салынуы мүмкін деген құрылыстар туралы әзірге нақты ақпарат жоқ, — делінген қала әкімдігі ұсынған жауапта.

Бұдан бұрын Түркістандағы кесенеге қауіп төніп тұрғанын жазған едік.