Қожамжаров соңғы кезде танымал адамдарға қатысты қозғалған істерге тоқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров Тұңғышбай Жаманқұлов пен Бигелді Ғабдуллинге қатысты қылмыстық процестің мән-жайына тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Қожамжаров соңғы кезде танымал адамдарға қатысты қозғалған істерге тоқталды

Қылмыстық процестің ашықтығы мәселесіне тоқталған ол, «бастапқы кезеңде қоғам түсінбеушілік жағдайында болады, себебі қылмыстық қудалау саласының назарына негізінен елімізде танымал адамдар түсіп жатады. Осы орайда түрлі салада жұмыс істейтін азаматтар кездеседі. Мәселен, шығармашылық саласы бойынша Жаманқұловты атап өтуге болады. Халық әртісі, елдің сүйікті актері айыпталушы рөлінде болады деп кім ойлаған. Бұндай жағдайларда біз нақты дәлелдерді ұсынуымыз керек»,-деді Қожамжаров.

Бұдан бөлек агенттік басшысы Radiotochka.kz порталының директоры Бигелді Ғабдуллинге қатысты іске тоқталып өтті.

«Ғабдуллинге қатысты қылмыстық процесс басталған кезең есімде. Журналистер маған дәлелдерді ұсыну туралы өтінішпен жолыққан болатын. Сот ашық өтті, яғни оның мойындағанын барлығы көрді. Барлық дәлелдер, оның ішінде тергеудің құпия іс-қимылдарының нәтижесі де барша қоғамның назарына ұсынылды. Онда оның талап қойған сөздері тікелей жария етілді»,-деді Қожамжаров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2 қарашада ол қаржыны жымқырды деген күдікпен ұсталды. Кейін «Жаманқұлов өз кінәсін мойындады» деген ақпарат тарады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 16 қарашасында Астана қаласы Алматы аудандық №2 сотының санкциясымен Бигелді Ғабдуллин тұтқынға алынған болатын. Ғабдуллин «Central Asia Monitor» және «Radiotochka.kz» бұқаралық ақпарат құралдарының пайдасына бюджеттік қаржыны алу үшін бопсалау әрекетіне барды деп айыпталған еді. Ол өз құзырындағы бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, мемлекеттік орган жетекшілерінің іскерлік абыройына нұқсан келетін материалдарды жариялау арқылы оларға ақпараттық шабуыл жасаған.