ҚПЛ: «Ақтөбе» турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасы ХХV турындағы тағы екі кездесудің нәтижесі белгілі болды.

«Ақтөбе» футбол клубы
Фото: «Ақтөбе» футбол клубы

Екі кездесудің бірінде «Ақтөбе» — «Жеңіс» (Астана) командалары шеберлік байқасты.
Ақтөбелік команда биыл өз жанкүйерлерін қуанта алмай келеді. Өткен турда сырт алаңда «Ертістен» жеңіліп қалған олар сол олқылықтың орнын толтыруға тырысады. Алғашқы айналымда елордада «Жеңіс» 1:0 есебімен басым түскен еді. Ақтөбелік клуб бүгін есе қайтаруға күш салды.

Кездесу барысында олардың қатарынан Артур Шушеначев 41-минутта мергендік танытты. 
Осылайша «Ақтөбе» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, 38 ұпаймен бесінші орынға көтерілді.

Сондай-ақ тағы бір ойында талдықорғандық «Жетісу» өз алаңында Павлодардың «Ертісінен» 1:0 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ бүгін сырт алаңда алматылық «Қайрат» Ақтаудың «Каспийін» 3:0 есебімен жеңсе, «Ордабасы» Көкшетаудың «Оқжетпесіне» 1:2 есебімен есе жіберді.

Дәл қазір 25-турдағы «Қызылжар» (Петропавл) — «Атырау» кездесуі өтіп жатыр.
Ал 6 қыркүйекте «Алтай» (Өскемен) — «Қайсар» (Қызылорда), «Астана» — «Елімай» (Семей), «Тобыл» (Қостанай) — «Ұлытау» (Жезқазған) ойнайды.