ҚПЛ: «Астана» елордада «Ұлытауды» ірі есеппен жеңді

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Премьер-лигасы ХІ турындағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды.

ҚПЛ
Фото: «Астана» футбол клубы

Елордалық «Астана» соңғы үш кездесудің екеуінде жеңілістің ащы дәмін татты. Нәтижесінде турнир кестесіндегі жағдайын біршама қиындатып алды. Олардың бүгінгі қарсыласы - «Ұлытау» командасы біріншілікті сәтті бастап, алдыңғы орындардың біріне жайғасты.

Кездесу барысында астаналық клубтан Рамазан Кәрімов 23-минутта есеп ашса, Станислав Басманов 49-минутта өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.

Ойынның 87-минутында «Астана» сапынан Бранимир Калаица қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша қарсыласынан 3:0 есебімен басым түскен олар турнир кестесінде 18 ұпаймен төртінші орынға көтерілді.

Сондай-ақ тағы бір кездесуде көкшетаулық «Оқжетпес» сырт алаңда Өскеменнің «Алтайын» 1:0 есебімен сүріндірді.

Дәл қазір «Каспий» (Ақтау) - «Ертіс» (Павлодар) кездесуі өтіп жатыр.

Ал ертең, 23 мамырда бес кездесу өткізіледі.

Ойындар кестесі

16:00. «Жетісу» - «Атырау»

17:00. «Елімай» - «Жеңіс»

18:00. «Қайрат» - «Қайсар»

19:00. «Ақтөбе» - «Қызылжар»

20:00. «Тобыл - «Ордабасы».

Тоғызыншы турдан кейін «Қайрат» 25 ұпаймен көш басында тұрса, одан кейінгі орындардағы «Ордабасы» мен «Оқжетпестің» 22 ұпайы бар.