ҚПЛ: «Елімай»турнир кестесінде алтыншы орынға көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Премьер-лигасында ХХVІІ турының алғашқы ойын күнінде «Тобыл» (Қостанай) - «Елімай» (Семей) кездесуінің нәтижесі белгілі болды. 

«Елімай» футбол клубы
Фото: «Елімай» футбол клубы

Турнир кестесінде екі команда қатарлас келеді. Сондықтан бүгінгі кездесуде жеңіске жеткен команда жағдайын жақсарта түсетін еді.

Алғашқы минуттан ашық шабуылға көшкен командалар жылдам гол соғатын мүмкіндікті іздеді.

Ойынның 16-минутында сеемйлік клубтан Фессу Плакка есеп ашса, 40-минутта Айбар Жақсылықов көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Осылайша «Елімай» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 38 ұпаймен алтыншы орынға көтерілді.

Айта кетсек, бұған дейін елордалық «Астана» өз алаңында Алматының «Қайратынан» 1:0 есебімен басым түсті.

Дәл қазір бұл турда «Атырау» - «Ордабасы» (Шымкент) кездесуі өтіп жатыр.

Сондай-ақ 18 қыркүйекте 16:00-де «Оқжетпес» (Көкшетау) - «Жеңіс» (Астана), 17:00-де «Жетісу» (Талдықорған) - «Каспий» (Ақтау), «Алтай» (Өскемен) - «Ертіс» (Павлодар), 19:00-де «Қызылжар» (Петропавл) - «Қайсар» (Қызылорда), 20:00-де «Ақтөбе» - «Ұлытау» (Жезқазған) ойнайды.