ҚПЛ: «Ертіс» қатарынан үшінші мәрте тең ойнады
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Премьер-лигасында ХІІ турында «Ертіс» (Павлодар) - «Ұлытау» (Жезқазған) тең нәтижеге қанағат білдірді.
Қазақстандық тәжірибелі бапкер Нұрбол Жұмасқалиев тізгінін ұстағаннан бері «Ертіс» қарсыластарымен қатарынан екі мәрте ұпай бөліскен еді. Сол үрдіс бүгінгі кездесуде жалғасын тапты.
Ойын барысында жезқазғандық команда алғашқы болып есеп ашты. Оны Ариагнер Смит 29-минутта өзінің еншісіне жазды.
Оған 75-минутта павлодарлық клубтан Владислав Климович бір голмен жауап қайырды.
Осылайша командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Бұл ойыннан кейін «Ертіс» 9 ұпаймен 13 орында тұрса, «Ұлытау» 19 ұпаймен бесінші орынға жайғасты.
Сондай-ақ бүгін тағы бір кездесуде «Алтай» (Өскемен) - «Астана» 0:0 есебімен тең түсті.
Енді 28 мамырда «Оқжетпес» (Көкшетау) - «Ақтөбе»,
«Қызылжар» (Петропавл) - «Жетісу» (Талдықорған), «Атырау» - «Тобыл» (Қостанай) ойнайды.
Тағы екі кездесуде «Жеңіс» (Астана) - «Каспий» (Ақтау), «Қайсар» (Қызылорда) - «Елімай» (Семей) жасыл алаңға шықса, бұл турды «Ордабасы» (Шымкент) - «Қайрат» (Алматы) түйіндейді.