ҚПЛ: «Қайрат» қатарынан сегізінші мәрте жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХІV туры мәресіне жетті.
Бұл турды «Елімай» (Семей) - «Қайрат» (Алматы) командалары түйіндеді.
Биылғы біріншілікте алматылық клуб бас жүлдеге таласуды жалғастырып келеді. Сондықтан әрбір кездесуде үш ұпайдан шашау шығармауға күш салып жүр. Сол сәттілік сериясын Семейде де жалғастыруға тырысты.
Кездесу барысында алматылық клубтан Марку Гуаль 32-минутта есеп ашса, Луиш Мата 35-минутта есепті үстемелей түсті.
Екінші кезеңде командалар есепті өзгертуге тырысты. Соған қарамастан бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Осылайша алматылық клуб қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, 51 ұпаймен екінші орынға табан тіреді. Қатарынан сегіз мәрте жеңіске жеткен олар бірінші орында келе жатқан Шымкенттің «Ордабасы» клубынан 4 ұпайды аз жинап тұр. Сондай-ақ басты қарсыласынан бір кездесуді аз өткізді.
Ойындар нәтижесі
ХХІV тур
29 тамыз
«Ұлытау» (Жезқазған) - «Жетісу» (Талдықорған) 3:0
«Жеңіс» (Астана) - «Алтай» (Өскемен) 1:0
«Ордабасы» (Шымкент) - «Қызылжар» (Петропавл) 3:0
«Қайсар» (Қызылорда) - «Оқжетпес» (Көкшетау) 2:3
30 тамыз
«Ертіс» (Павлодар) - «Ақтөбе» 2:1
«Каспий» (Ақтау) - «Тобыл» (Қостанай) 1:0
«Атырау» - «Астана» 2:3
31 тамыз
«Елімай» (Семей) - «Қайрат» (Алматы) 0:2.
Енді алдағы тур ойындары 5 және 6 қыркүйек күндері өткізіледі.
Айьа кетсек, бұдан бұрын «Астана» сырт алаңда «Атырау» командасынан 3:2 есебімен басым түсті.