ҚПЛ: «Қайрат» пен «Ордабасы» сырт алаңда ұпай жоғалтты

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ІХ турының екінші ойын күнінде тағы екі кездесудің нәтижесі белгілі болды.

ҚПЛ: «Қайрат» пен «Ордабасы» сырт алаңда ұпай жоғалтты
Фото: Kffleague.kz

Алдымен «Ұлытау» (Жезқазған) мен «Қайрат» (Алматы) командалары жасыл алаңға шықты. 

Жезқазғандық команда биыл біріншілікті сәтті бастады. Нәтижесінде турнир кестесінде алдыңғы орындарда келеді. Ал өткен жылы ел чемпионы атанған алматылық команда биыл сол жетістігін қайталауға тырысып-ақ жүр. 

Матч барысында «Қайрат» сапынан Дастан Сәтпаев 33-минутта есеп ашса, оған 83-минутта «Ұлытау» сапынан Максим Чалкин бір голмен жауап қайырды.
Осылайша қос команда бұл кездесуде 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Айта кетсек, бұдан бұрын жезқазғандық клуб өз алаңындағы барлық кездесуде қарсыластарына есе жіберген жоқ. Олар петропавлдық «Қызылжарды» 1:0, қостанайлық «Қызылжарды» 2:1, семейлік «Елімайды» 1:0 есебімен жеңсе, «Ақтөбемен» 1:1 есебімен тең түсті.

Өскеменде «Алтай» мен «Ордабасы» арасындағы ойын өтті. Турнир кестесінде өскемендік клуб соңғы орында тұрса, шымкенттік команда әзірге екінші орынға жайғасқан. Соған қарамастан ойын барысында қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Сүреңсіз өткен ойында 0:0 есебі тіркелді. 

Айта кетейіік, дәл қазір «Ақтөбе» - «Қайсар» арасындағы кездесу өтіп жатыр.

Бұған дейін 9 мамырда елордалық «Астана» Петропавлдың «Қызылжарын» 2:1 есебімен жеңсе, қостанайлық «Тобыл» Павлодардың «Ертісін» 1:0 есебімен қапы қалдырды. 

Ал талдықорғандық «Жетісу» Астананың «Жеңісіне» 2:3, семейлік «Елімай» Ақтаудың «Каспийіне» 0:1 есебімен есе жіберсе, тағы бір кездесуде «Оқжетпес» (Көкшетау) - «Атырау» клубтары 0:0 есебіне қанағат білдірді.