ҚПЛ: «Оқжетпес» «Алтайдан» ірі есеппен басым түсті
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХ турында көкшетаулық «Оқжетпес» өз алаңында өскемендік «Алтайдан» басым түсті.
Алғашқы айналымда үздік үштіктен көрініп, жанкүйерді таңғалдырған көкшетаулық команда сол нәтижесін қайталауд көздейді. Десе де қазір жүлделі орынға талас күшейе түсті. Әрине, өскемендік команда биыл Премьер-лигадағы орнын сақтап қалуға тырысады.
Кездесу барысында көкшетаулық клубтан Владислав Васильев 45-минутта есеп ашса, одан кейін Оралхан Өміртаев 59, 85, Владимир Воменко 76-минутта мергендік танытты. Оған өскемендік командадан Денис Митрофанов 80-минутта бір голмен жауап қайырды.
Осылайша «Оқжетпес» қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті.
Дәл қазір «Ұлытау» (Жезқазған) - «Астана», «Жеңіс» (Астана) - «Елімай» (Семей), «Ордабасы» (Шымкент) - «Тобыл» (Қостанай) кездесуі өтіп жатыр.
Бұл турды «Ордабасы» (Шымкент) - «Тобыл» (Қостанай) түйіндейді.
Алдын ала 5 тамызда өткізілген «Қайсар» (Қызылорда) - «Қайрат» (Алматы) кездесуінде оңтүстік астаналық команда сырт алаңда 2:1 есебімен жеңіске жеткен еді.
Еске салсақ, бұл турда 1 тамызда павлодарлық «Ертіс» Ақтаудың «Каспийінен» 3:2, петропавлдық «Қызылжар» «Ақтөбеден» 3:1 есебімен басым түссе, «Атырау» мен «Жетісу» (Талдықорған) 1:1 есебіне қанағат білдірді.