ҚПЛ: «Оқжетпес» «Ордабасыны» он жылдан кейін жеңді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасы ХХV турындағы «Оқжетпес» (Көкшетау) — «Ордабасы» (Шымкент) кездесуінің нәтижесі белгілі болды.

ҚПЛ: «Оқжетпес» «Ордабасыны» он жылдан кейін жеңді
Фото: «Оқжетпес» футбол клубы

Биыл шымкенттік команда чемпиондық атаққа қол созуды қалайды. Оған қоса көкшетаулық клуб алдағы жылы еурокубок ойындарына қатысу үшін жоғары орындарға таласып келеді. Сондықтан жанкүйерлер кездесу барысында қызықты ойын тамашалайтыны анық. Алғашқы айналымда Шымкентте өткен кездесуде «Ордабасы» бұл қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Аталған ойынға көкшетаулық клубтан сары қағаз лимиті салдарынан шабуылшы Оралхан Өміртаев пен жартылай қорғаушы Дмитрий Бородин тыс қалды.

Кездесу барысында шымкенттік клубтан Берн Йонсен 14-минутта есеп ашса, оған көкшетаулық клубтан Нұрғайни Бөрібаев 49, Де Ассунсау Леонард 81-минутта екі голмен жауап қайырды.

Осылайша «Оқжетпес» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті. Олар шымкенттік клубты соңғы рет 2016 жылы 3:0 есебімен жеңген еді.

Сондай-ақ дәл қазір кейінге қалдырылған 6-турда ақтаулық «Каспий» өз алаңында Алматының «Қайратына» 0:3 есебімен есе жіберді.

Дәл қазір 25-турдағы «Ақтөбе» — «Жеңіс» (Астана), «Жетісу» (Талдықорған) — «Ертіс» (Павлодар), «Қызылжар» (Петропавл) — «Атырау» кездесуі өтіп жатыр. Ал 6 қыркүйекте «Алтай» (Өскемен) — «Қайсар» (Қызылорда), «Астана» — «Елімай» (Семей), «Тобыл» (Қостанай) — «Ұлытау» (Жезқазған) ойнайды.

Еске салсақ, қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев «Бернли» сапында Англия Чемпионшипының төртінші турында «Мидлсбромен» кездесуде үздік атанды.