ҚПЛ: «Оқжетпес» турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Премьер-лигасы оныншы турындағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды.
Елордалық «Астана» сырт алаңда Көкшетаудың «Оқжетпес» командасымен шеберлік байқасты.
Кездесу барысында көкшетаулық футболшылар белсенді ойын көрсетті. Нәтижесінде олардың қатарынан Борис Лотоцький 48-минутта өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Оның одан сәл бұрын соққан голын төреші ережеге сай емес деп жаратпай тастаған еді.
Осылайша «Астана» сырт алаңда қарсыласына 0:1 есебімен жол берді. Бұл жеңістен кейін «Оқжетпес» 19 ұпаймен үшінші орынға көтерілді.
Тағы бір кездесуде жезқазғандық «Ұлытау» өз алаңында Ақтаудың «Каспийін» 1:0 есебімен сүріндірді.
Дәл қазір «Ертіс» (Павлодар) - «Елімай» (Семей) кездесуі өтіп жатыр.
Ал 17 мамырда тағы бес кездесу өтеді. Бұл күні көш басында келе жатқан «Қайрат», «Ордабасы» командалары кезекті тур ойындарында жасыл алаңға шығады.
Ойындар кестесі
17 мамыр
16:00. «Қызылжар» - «Алтай»
17:00. «Жеңіс» - «Қайрат»
18:00. «Ақтөбе» - «Атырау»
19:00. «Қайсар» - «Тобыл»
20:00. «Ордабасы» - «Жетісу».
Биыл ел біріншілігінде барлығы 16 команда жүлдені сарапқа салады.