Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ҚПЛ: «Ордабасы» алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қазақстан Премьер-лигасында ХVІІ турында Шымкенттің «Ордабасы» командасы ақтаулық «Каспийден» жеңіліп қалды.

ҚПЛ: «Ордабасы» алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты
Фото: Kffleague.kz

Бұл ойында жанкүйерлер шымкенттік клуб кезекті мәрте үш ұпайды олжалайды деп үміттенген еді. Қатарынан сегізінші мәрте жеңіске жеткен олар чемпиондық атаққа жақындай түскен болатын. Есесіне ақтаулық команда қатарынан екі мәрте қарсыластарын қапы қалдырып, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартты.

Кездесу барысында «Каспий» сапынан Владислав Климович 16-минутта есеп ашты. Оған 42-минутта шымкенттік клубтан Берн Йонсен бір голмен жауап қайырды. 
Одан кейін ақтаулық клубтан Рамазан Абылайхан 56, Силла Кеба 81-минутта екі мәрте көзге түссе, 91-минутта «Ордабасы» ойыншысы Жасұлан Әмір есеп айырмасын қысқартты.

Осылайша шымкенттік клуб қарсыласына 2:3 есебімен есе жіберіп, биылғы біріншіліктегі алғашқы жеңілісіне ұшырады. 

Сондай-ақ бүгін өз алаңында Павлодардың «Ертісі» астаналық «Жеңіске», талдықорғандық «Жетісу» Өскеменнің «Алтайына» 0:1 есебімен жол берді.

Енді 12 шілдеде 18:00–де «Ұлытау» (Жезқазған) — «Қайсар» (Қызылорда), 19:00–де «Астана» — «Ақтөбе», 20:00–де «Тобыл» (Қостанай) — «Оқжетпес» (Көкшетау) ойыны болады.

Бұл турдағы алдын ала өткізілген ойында алматылық «Қайрат» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» 3:0, «Атырау» сырт алаңда Семейдің «Елімайын» 2:1 есебімен тізе бүктірді.