ҚПЛ: «Ұлытау» өз алаңында «Елімайдан» басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы VIІІ турының екінші ойын күнінде тағы бір кездесудің нәтижесі белгілі болды.

ҚПЛ: «Ұлытау» өз алаңында «Елімайдан» басым түсті
Фото: «Ұлытау» футбол клубы

Бұл жолы «Ұлытау» (Жезқазған) - «Елімай» (Семей) командалары шеберлік байқасты.

Жезқазғандық клуб биылғы біріншілікті сәтті бастады. Алғашқы жеті турда 11 ұпай жинаған олар турнир кестесінде алдыңғы орындарда келе жатқан еді. Олар өз алаңында қазірге дейін «Тобыл», «Қызылжар», «Жетісу» секілді қарсыластарын тізе бүктірді.

Семейлік команда да 13 ұпаймен үздік үштікке жақын тұрды. Ойынның 6-минутында петропавлдық клубтан Георгий Бугулов соққан жалғыз гол кездесу тағдырын шешті. Осылайша «Ұлытау» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 14 ұпаймен төртінші орынға көтерілді.

Айта кетсек, 2 мамырда өткен ойындарда өз алаңында Павлодардың «Ертісі» алматылық «Қайратқа» есе жіберсе, петропавлдық «Қызылжар» Көкшетаудың «Оқжетпесіне» 0:1 есебімен жеңілді, ал «Қайсар» (Қызылорда) мен «Жетісу» (Талдықорған) 1:1 есебімен тең тарқасты. 

Енді бұл турда, бүгін, 3 мамырда 17:00-де «Атырау» -«Алтай» (Өскемен), 18:00-де «Жеңіс» (Астана) - «Тобыл» (Қостанай), 19:00-де «Каспий» (Ақтау) - «Астана» кездессе, 20:00-де «Ордабасы» (Шымкент) - «Ақтөбе» жасыл алаңға шығады.