ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ақмола өңіріндегі саяжайлардың жай-күйімен танысты

АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ҚР саяжайлық, бау-бақшалық және жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту жөніндегі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыс тобының көшпелі жиналысы өтті.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ақмола өңіріндегі саяжайлардың жай-күйімен танысты

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Толыбаевтың төралығымен өткен жиынға Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары К. Айтмұхамбетов, облыс қалаларының әкімдері мен әкім орынбасарлары, шаралар кешенін жүзеге асыруға жауапты облыстық ведомство басшылары, саяжай кооперативтері мен бау-бақшалық серіктестіктер өкілдері қатысты.

Жұмыс тобының өкілдері ең алдымен Целиноград ауданының «Нұрлы» тұтыну кооперативін, Бурабай ауданының бау-бақшалық серіктестіктерін аралап, жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен, саяжайлық кооперативтерінің басшыларымен кездесті.

Көкшетауда жиналыс қорытындысы бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі М. Толыбаев аталмыш бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере, түйткілді мәселелердің шешілуін жеделдету, кешенді шараларды жүзеге асыруды тежейтін тосқауылдарды жою, алға қойылған міндеттердің баяу орындалуына жол беретін  лауазымды тұлғалардың жауапкершіліктерін арттыру қажеттігін атап өтті.

Вице-министрдің айтуынша, жергілікті билік мүдделі тараптардың өкілдерімен бірлесе отырып, нысандардың инженерлік инфрақұрылымының жағдайын, сондай-ақ олардыңжаңғыртылуы мен жөндеуіне қаражатқа деген мұқтаждығын саралап, қаржыландыру көздерін анықтау керек.

Жиналыс қорытындысы бойынша, облыстық ведомство басшыларына, аудан және қала әкімдеріне Үкіметтің «ҚР саяжайлық, бау-бақшалық және жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту жөніндегі 2012 - 2014 жылдарға арналған шаралар кешенін» жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.