ҚР БҒМ жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлық өршіп отырған алдыңғы үштіктегі облысты атады
Бүгін ҚР БҒМ-да 2011 жылдың 9 айының қорытындысына арналған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Онда ведомствоның жауапты хатшысы Болат Әбдірәсілов, білім беру саласындағы жемқорлық үдерісі және оған қарсы атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
«Жоғары білімге қатысты айтатын болсақ, ЖОО-ларда ресми анықталған жемқорлық фактілері бірен-саран болғанымен, мамандардың бағалауынша, көптеген құқықбұзушылықтар көлеңкеде қалып отыр. Мұны жүргізілген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелері көрсетуде. Мәселен, студенттер сессия кезінде жемқорлық қылмыстар ең көп орын алатын ЖОО-лар орналасқан алдыңғы үштікке - Оңтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары мен Алматы қаласын жатқызды», - деді ол.
Онымен бір мезгілде, жауапты хатшы, бұқаралық ақпарат құралдарында студенттер арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама желеуімен аталмыш проблема бойынша шығып жатқан ақпараттар шындыққа еш жанаспайтынын айтты. «Біз өкінішке қарай, сауалнамаларды ұйымдастыратын және жүргізетін адамдарды таппай жүрміз. Біз ынтымақтаса жұмыс істеуге дайынбыз», - деп қадап айтты ол.
Б.Әбдірәсілов атап көрсеткендей, көптеген ЖОО-лар бұл әлеуметтік проблема туралы тек сессия кезінде ғана ойлана бастайды. Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі алгоритм жоқ.
«ЖОО-лардың денінде білім берудің нәтижесі туралы ақпараттық ашықтық жоқ. Студенттердің назарына ағымдағы, рубеждік және қорытынды бақылаулардың нәтижелері уақытылы жеткізілмейді. Студенттердің оқуға келіп-кетуі өз деңгейінде қадағаланбайды. Жемқорлыққа қарсы жұмыстар бойынша ұсынылған есептерге жасалған талдау - бірқатар ЖОО-да жемқорлық құқықбұзушылықтардың алдын алу жүйелі түрде емес, немқұрайлы жүргізілетіндігін көрсетті», - деп түйіндеді ол.