ҚР-да «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА-ның аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың тізбесін қалыптастыру қағидалары бекітілді

АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы-экономикалық аймағының аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың тізбесін қалыптастыру қағидалары бекітілді, деп хабарлайды ресми БАҚ.

ҚР-да «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА-ның аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың тізбесін қалыптастыру қағидалары бекітілді

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №801

2012 жылғы 18 маусым,   Астана, Үкімет Үйі

«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың тізбесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы кодексінің 150-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың тізбесін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі                                       К.МӘСІМОВ.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012жылғы 18 маусымдағы
№ 801 қаулысымен бекітілген

«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың тізбесін қалыптастыру қағидалары

1. Жалпы ережелер
1. Осы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың тізбесін қалыптастыру қағидалары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі - Салық кодексі) 150-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалардың тізбесін (бұдан әрі - тізбе) қалыптастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы - «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 21 шілдедегі Заңына сәйкес (бұдан әрі - Заң) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы болып танылған заңды тұлға;
2) уәкілетті орган - арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
3. Егер Заңда өзгеше көзделмесе, Заңға сәйкес «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушылары үшін арнайы экономикалық аймақтың аумағынан тыс қызметке рұқсат беріледі.
2. Тізбені қалыптастыру тәртібі
4. Тізбеге Заңның талаптарына сәйкес бір мезгілде мынадай талаптарға сай келетін:
1) орналасқан жері бойынша салық органында салық төлеушілер ретінде тіркелген;
2) құрылымдық бөлімшелері жоқ;
3) жылдық жиынтық кірістерінің кемінде 70 пайызын: бағдарламалық қамтамасыз етуді, дерекқорларды және ақпараттық технологиялардың аппараттық құралдарын жобалау, әзірлеу, енгізу, тәжірибелік өндіру және жасау, сондай-ақ дата-орталықтар көрсететін қызметтер, онлайн қызметтер;
ақпараттық технологиялар саласындағы жобаларды жасау және енгізу жөніндегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу қызмет түрлерінен өзі өндірген тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатудан алуға жататын кірістері құрайтын «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушылары енгізіледі.
5. Тізбе жыл сайын арнайы экономикалық аймақ қатысушысының атауы, оның салық төлеушінің тіркеу нөмірі (немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі), сондай-ақ салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу бөлігінде Салық кодексінің 150 және 151-4-баптарының ережелері қолданылатын күнтізбелік жыл көрсетілетін күнтізбелік жыл аяқталғаннан кейін қалыптастырылады.
6. Тізбеге енгізу үшін арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы уәкілетті органға салық төлеушінің тіркеу нөмірін (немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі), сондай-ақ салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу бөлігінде Салық кодексінің 150 және 151-4-баптарының ережелері қолданылатын күнтізбелік жыл көрсетілген еркін нысанда жазылған өтінішті және мына құжаттарды:
1) әділет органдары берген құрылымдық бөлімшелерінің жоқ екендігі туралы;
2) алынған (алынуға жататын) табыстарды осы Қағидалардың 4-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерінен түсетін табыстарға жатқызу туралы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының растамасын қоса бере отырып ұсынады.
7. Уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп, өтініш түскен күннен бастап оны 20 жұмыс күні ішінде қарайды және мынадай:
1) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысын тізбеге енгізу туралы;
2) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысын тізбеге енгізуден бас тарту туралы шешімдердің бірін шығарады.
8. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы өзін тізбеден шығару туралы дербес шешім қабылдаған жағдайда, ол бұл туралы уәкілетті органға хабарлайды.
9) Арнайы экономикалық аймақ қатысушысын тізбеге енгізуден бас тарту үшін осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынбау негіз болып табылады.
10. Тізбеге енгізу (шығару) туралы шешім уәкілетті орган мен бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның бірлескен бұйрығы нысанында қабылданады, ол осындай шешім қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялануы тиіс.