ҚР Қарулы Күштеріне 25 жыл: Сарбаздың бір күні қалай өтеді
«Әскердегі ең бірінші талап - тазалық пен төзімділік», - дейді Елжан Садық.
Біздің кейіпкеріміз 2016 жылдың мамыр айында Ақтөбе қаласынан әскер қатарына шақыртылған. Биылғы мамырда әскери борышын өтеп, еліне қайтуға әзірленіп жүр.
«Әскер - үлкен жол, екі аптадан соң әскери борышымды өтеу мерзімім аяқталады. Бауыржан Момышұлы атамыз: «Армия - азаматтық зор мектеп» деген. Үлкен өмір мектебінен өттім деп ойлаймын. Әсіресе, шыдамдылық, төзімділікке үйрендік. Мамандығым - инженер-металлург. Ақтөбе қаласындағы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін бітіргем. Әскерден соң мамандығым бойынша қызмет етсем деймін. Үйде күтіп отырған ата-анам бар. Алладан амандығымызды сұрап, күтіп отырған ағайындарым бар. Енді солардың үмітін, әкемнің үмітін ақтасам деймін», деген Елжан Садық дәл біз барған күні жасақ басшысы болып қызметке аттанғалы жатқан.
«Ұлттық ұлан қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Біздің әрбір атқан күніміз Отан алдындағы борышымызды өтеуге арналып жатыр. Әр күніміз таңғы алтыда басталады, жаттығулар жасаймыз. Сосын, сарбаздың жеке гигиеналық тазалығы мен күтімі бар. Содан кейін, түрлі бағыттағы сабақтар басталады. Қызметтік дайындықтар, мемлекеттік құқық, жауынгерлік сабақтар өткізіледі. Одан кейін қызметке дайындаламыз. Қызметіміз Алматы қаласындағы 8 ауданды аралап, тәртібін қадағалау. Біз негізінен Медеу ауданындағы тыныштықты сақтауға қызмет етеміз», - деді Елжан Садық.
Ұлттық ұлан сарбаздарының көше тәртібін қадағалайтыны белгілі. Олардың қызметінде түрлі оқиғалар кездесіп жатады. Сарбаз Елжан Садық өз тәжірибесінде 3-4 рет тәртіп бұзған бұзақыны ұстағанын айтты. Ол үшін бірнеше рет әскери бөлім басшылығы тарапынан марапатталыпты.
«Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жігіттермен араласып, достасып кеттік. Қимастық сезім бар. «Әскердегі дос - ең сенімді дос» деп ойлаймын», - дейді ақтөбелік ұлан. Сарбазбен қауіпсіздік мәселесі сөз болғанда былтыр өзінің туған өлкесі Ақтөбеде болған лаңкестік оқиғасы туралы сұрап, жат діни ағымдардан сақтандыру үшін түрлі түсіндіру жұмыстары өткізіліп тұратынын білдік.
«Бізді әскерге шақырғаннан кейін, Ақтөбедегі 6655 әскери бөліміне лаңкестер шабуыл жасағанын естіп, қабырғамыз қайысты. Сол үшін бізде жат діни ағымдардан сақтандыру, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», - дейді Елжан.
«Ас адамның арқауы». Қуатты тағамсыз сарбаздың қызметі өтелмес. Елжан сарбаздар күніне үш рет тамақтанатынын, ас сапасы жоғары екенін айтты.
«Үш уақыт тамақтанамыз. Тамақ өте сапалы. Таңғы, түскі ас, кешке қызметтен келген соң кешкі ас беріледі. Май, ірімшік те беріледі. Тамақ сапасы қатты бақылуда. Сосын, айта кетерлігі, әскерде ең бірінші талап тазалық. Төсек жабдық апта сайын ауыстырылып, моншаға түсеміз, киімдер де аптасына бір рет ауыстырылады», - дейді жауынгердің бір күндік өмірін айтып берген сарбаз.
Біз сұхбатымызды аяқтап кетуге ыңғайланғанымызда, «ПР 73» резеңкелі таяқ, арнайы байланыс құралы - рация мен планшетник, сосын кісен мен ысқырғышын алып, Елжан да қызметіне шықты. Ол бүгін қас қарайғанша ел тыныштығын күзетіп, өз қарауындағы 3 патрульмен Медеу ауданын аралап шығады.