ҚР Көлік және коммуникация министрі Қарағанды облысындағы көліктік инфрақұрылымды дамытуға көмек беруге уәде етті

ҚАРАҒАНДЫ. 28 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағанды облысына жұмыс сапарымен ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев келді.

ҚР Көлік және коммуникация министрі Қарағанды облысындағы көліктік инфрақұрылымды дамытуға көмек беруге уәде етті

Ведомство басшысы аймақтың көліктік-коммуникациялық кешенін дамыту мәселелері қаралған кеңеске қатысты.

«Көліктік-коммуникациялық кешен бірқатар әлеуметтік және коммуналдық мәселелерді шешуде, сондай-ақ аймақтың индустриясы мен экономикасын дамытуда үлкен рөл атқарады», - деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов.

Аймақ басшысы бұл саладағы шешім қабылдауды талап ететін бірқатар мәселелерді атап өтті.

«Қозғалыс қарқынының көбеюіне байланысты «Астана-Қарағанды» автомобиль жолында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі өткір болуда. Бұл мәселені жолды I-а техникалық санатына ауыстыру және үлкен әрі ауыр жүктерді тасуға арналған көліктер үшін қосымша тағы екі қозғалысын жолағын салумен шешуге болады», - деді Ә.Құсайынов.

Облыс әкімі Қызылорда-Жезқазған және Жезқазған-Арқалық көлік жолдарын қалпына келтіру бойынша жобаларды іске асыру үшін оларды қаражаттандыруды тездетуді сұрады.

Аймақ басшысы сондай-ақ бүгін Қарағандының «Сарыарқа» әуежайын дамыту мәселесін көтерді. Оның пікірінше, Қарағандыдан Атырауға, Ақтауға, Петропавлға, Қостанайға, Шымкент пен Ақтөбеге аймақтық әуе бағдарларын ашу керек. Қазіргі кезде Алматы, Қызылорда және Өскемен қалаларына ғана рейстер бар.

«Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол бағыттары құрылысының үлкен мәні бар. Ол Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген тапсырмаларға сәйкес ағымдағы жылдың маусымында басталмақ. Теміржол инфрақұрылымы радусит, темір кен орындарының игерілуін, Шұбаркөл кенішіндегі көмір өндірісінің одан әрі дамуын қамтамасыз етеді, ал Жезқазған транзиттік аймаққа айналады», - деп атап өтті облыс әкімі.

Бұл жобалардың жалпы бағасы - 694 млрд. теңге және Қарағанды облысы бойынша теміржол желілерінің ұзындығы шамамен 536 шақырымды құрайды, деп еске салды облыс әкімі. «Құрылысқа жергілікті жұмыс күші тартылады», - деп атап өтті ол.

Көлік және коммуникация министрі аймаққа көліктік инфрақұрылымын дамытуға және мұндағы өткір мәселелер бойынша көмек көрсетілетініне уәде етті.

Кеңестің соңында Ә.Құсайынов пен А.Жұмағалиев өзара ынтымақтастық туралы екі құжатқа қол қойды, бұл Қарағанды облысындағы көліктік-коммуникациялық кешенді дамыту бойынша шаралар жоспары мен облыс әкімдігі және Көлік және коммуникация министрлігінің көліктік құралдарды тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру бойынша мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығын құрудағы өзара іс-қимыл туралы меморандум.

Жоспар көлік жолдарының күрделі жөндеуден өтуі және ондағы жекелеген учаскелерді қалпына келтірудегі өзара іс-қимыл, автомобиль көлігіндегі бақылау, әуе және теміржол көлігі, жаңадан ашылып жатқан Халыққа қызмет ету орталықтары үшін ғимараттарды бөлу, телекоммуникацияларды дамыту, жергілікті атқарушы органдарға электрондық қызмет көрсету сияқты салаларды қарастыратын 7 бөлімнен тұрады.

Қарағандыда мамандандырылған Халыққа қызмет ету орталығын құру үшін республикалық бюджеттен 280 млн. теңге бөлінген, ол қараша айында ашылады, деп атап өтілді кеңесте.

Кеңестен кейін министр мен облыс әкімі Қарағандының автовокзалына, техникалық қызмет көрсету стансасы мен әуежайға барды, сондай-ақ сол жерде мамандандырылған Халыққа қызмет ету орталығын құру бойынша жобаның іске асырылу барысымен танысып өтті.

Қарағанды облысында автомобильдер жолдарының жалпы ұзындығы 8844,3 шақырымды құрайды, соның ішінде 2773 шақырымы республикалық маңызы бар және 6071,3 шақырымы - жергілікті маңызы бар жолдар. Ағымдағы жылы облыс бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 88,4 шақырымын және жергілікті желі бойынша 224 шақырым жолдарды күрделі және орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.