20:51, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
ҚР Көлік және коммуникация министрі Солтүстік Қазақстан облысында болды
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат - Ақпанның 12-де Солтүстік Қазақстан облысында ҚР Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметовтің қатысуымен кеңес болып өтті. Онда, аймақтың көлік-коммуникация кешені мәселелері талқыланды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Өз сөзінде С.Ахметов, көлік-коммуникация кешенін дамыту мәселелерін жергілікті атқару органдарымен, министрліктің аймақтық бөлімшелерімен, көлік саласы кәсіпорындарымен бірлесе талқылау үшін, алдағы уақытта аймақтарға сапарлап шығу жолға қойылады, деді.Содан кейін министр автокөлік жолы мен теміржол және азаматтық авиация саласындағы 2008 жылы бірлесе атқарылған жұмыс қорытындысына тоқталды. Ол жергілікті маңыздағы автокөлік жолдарын жөндеу үшін республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп отырғандығын тілге тиек етті.Мәселен, 2007 жылы 865 млн. теңге бөлінсе, 2008 жылы 1 377 млн. теңге бөлінді, ал, 2009 жылы аталған мақсатқа 2 230 млн. теңге бөлінбек. Министр өзін, Петропавл қаласындағы халықаралық әуежайдың қазіргі ахуалы мен оның инфрақұрылымының қатты алаңдатып отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ, кеңесте министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері Мұхит Көбеев, Замир Сағынов, Әділет Барманқұловтар да сөз сөйлеп, онда азаматтық авиация, автокөлік жолдары және облыстық көлік бақылау саларындағы қалыптасып отырған мәселелер мен олардың алдын алу жөніндегі ұсыныстарын айтты.Кеңесті Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов қорытындылады. Кеңес қорытындысы бойынша тиісті хаттамалар қабылданды.