ҚР Мемлекеттік хатшысы дінаралық келісім тақырыбына арналған аймақаралық семинарға қатысты (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың Ақтөбе облысындағы жұмыс сапары «Зайырлы қоғам және жоғары руханилық - бірлік пен келісімнің кепілі» атты аймақаралық семинардан басталды.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов, мемлекеттік орган, Атырау, БҚО, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының діни және үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері семинар жұмысына қатысып, баяндама жасады.
Бердібек Сапарбаев аймақтағы діни ахуал, атқарушы орган құрылымдарының атқарып жатқан жұмыстары, қоғамдық ұйымдармен, елдегі теологтармен атқарылған істер жайында, сонымен қатар қоғамдағы дінаралық келісімнің жағдайы туралы баяндады.
Гүлшара Әбдіқалықова ел Президенті демократиялық, зайырлы және экономикалық дамыған мемлекет ретінде Қазақстан дамуының анық бағытын айқындап отырғанын атап өтті және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының ең басты құндылықтарының бірі - зайырлы мемлекет пен жоғары руханилық - біздің елдің барша азаматтарын біріктіруге бағытталғандығын ерекше қадап айтты.
Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның бар күші нақ осы құндылықтарды қалыптастыру және дамыту үшін салынуы тиіс.
Өз кезегінде шара қатысушылары экстремизмді алдын алу, Ұлт Жоспарының «Біртектілік пен бірлік» атты 4-ші институционалды бағытын орындау аясындағы дінаралық қарым-қатынастар мен рухани және адами құндылықтарды дамыту бағытындағы өз пікірлерімен бөлісті.
Семинарда, сондай-ақ, Орал және Ақтөбе Архиепископі Антоний, Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы, ҚМДБ-нің Ақтөбе облысы бойынша имамы-өкілі Нұрлан Асанов, Маңғыстау облысының Дін істері ақпараттық-талдау орталығы директорының міндетін атқарушы Бақытгүл Шопанова және Батыс Қазақстан облысының «Таным» деструктивті діни ағымдардан қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрман Бисағалиев сөз сөйледі.
Содан кейін, Мемлекеттік хатшы, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағдарламасы бойынша салынған «Айлин» балабақшасына барды, сонымен бірге Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика-математика бағытындағы оқушыларының ғылыми және шығармашылық жұмыстарының көрмесімен танысты және олардың сабақтарына қатысты.
Күннің соңына қарай, Гүлшара Әбдіқалықова аймақтағы әйелдер қауымдастығымен кездесті.