«ҚР Мерекелер туралы» заң Елбасының ұсынған редакциясында қабылданды ? Мәжіліс

АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасындағы Мерекелер туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына Мемлекет басшысының жекелеген нормалары бойынша қарсылықтарын қарады.

«ҚР Мерекелер туралы» заң Елбасының ұсынған редакциясында қабылданды ? Мәжіліс
Осыған орай аталған заң Президенттің ұсынған редакциясында қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Парламент наурыздың 10-ында осы заңды қабылдап, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберген болатын. «Бұл заңды қарап шыққан ҚР Президенті елімізде бір ғана ұлттық мерекені ? Тәуелсіздік күнін әдеттегі мемлекеттік мерекелер саласына жатқызбастан атап өтуді орынды деп санады. Дегенмен, Мемлекет басшысы ҚР Конституциясына сәйкес аталған заңның жекелеген нормаларына қарсылықтарын білдірді. Атап айтқанда, заң тақырыбындағы «толықтыру» деген сөзді алып тастауды, заңның 1-бабының 1 және 2-тармақшаларын алып тастауды ұсынды», - деді ҚР Президентінің Парламенттегі өкілі Асқар Бейсенбаев. Осыған орай Мемлекет басшысы өзінің конституциялық құқын пайдалана отырып, құжатты Мәжіліске қайта талқылау және қайта дауыс беру үшін жолдаған болатын. «Президенттің қарсылықтарының мәні мынандай: «Мерекелер туралы заңда мемлекеттік ұлттық мереке тек желтоқсанның 16-17-індегі тәуелсіздік күні болып, ал Конституция күні мемлекеттік мерекелер тізіміне қосылады», - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Алдан Смайыл. Заңды қайта қарап шыққан палата бұрынғы Парламент қабылдаған жобаға қарсы дауыс беріп, ҚР Президентінің ұсынған редакциясын қабылады.