19:07, 15 Наурыз 2014 | GMT +5
ҚР-ның бокстан экспериментальдық құрамасы Малайзияда «Агонга Кубогын» жеңіп алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бокстан экспериментальдық құрамасы халықаралық «Агонга Кубогы» турнирінде 6 медальді қанжығасына байлап және бірінші орынды жеңіп алып, бүгін Малайзиядан елге оралды.
Бұл туралы sports.kz хабарлады.
Апор-Сетар қаласының спорт кешенінде Әділбек Әділжанның (56 кг), Бағдат Уайдаевтың (60 кг), Мәулен Өскенбектің (64 кг), Айтжан Шілеевтің (69 кг), Нұрзода Собировтың (75 кг) және Тұрсынбай Құлахметтің (81 кг).құрметіне алты рет еліміздің әнұраны орындалып, туы желбіреді.
Сонымен бірге Мәулен Өскенбек турнирдің үздік боксшысы атанды.
8-14 наурыз аралығында өткен бұл турнирге барлығы 8 елден 58 боксшы қатысты.
Еске сала кетейік, құрамында 22 спортшы бар бокстан экспериментальдық құрама биылғы жылы қаңтарда еліміздің ұлттық құрамасына резерв даярлау мақсатында құрылды. Команда үйлестірушісі олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев.