ҚР ОСК тағы 37 шетелдік байқаушыны аккредиттеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттен тағы 37 байқаушыны аккредиттеді.

ҚР ОСК тағы 37 шетелдік байқаушыны аккредиттеді

ҚР ОСК мүшесі Марат Сәрсембаев таныстырған қаулыға сәйкес Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынысымен байқау жөніндегі екі Миссиядан, бір халықаралық ұйымнан және бір шет мемлекеттен тағы 37 байқаушыны аккредиттеді.

«Олардың ішінде ТМД байқаушылары миссиясынан 19 байқаушы, ШЫҰ миссиясынан - 8, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан - 7 және Украинадан 3 байқаушы бар», - деді ол.

Айта кетерлігі, 9 наурыздағы жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясы үш халықаралық ұйымның миссияларынан (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, ТМД және ШЫҰ), екі халықаралық ұйымнан (Ислам ынтымақтастығы ұйымы және Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы) және 10 шет мемлекеттен 345 байқаушыны аккредиттеді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2016 жылғы 3 наурыздағы жағдай бойынша 28 мемлекеттен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 116 өкілін тіркеген болатын.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Ортсайлауком 2016 жылғы 14 наурызға дейін жүзеге асырады.